Бүгіннен бастап шоқыну мерекесі тойланады. Шоқыну мерекесіне орай суды қасиетті санап, салқын суға түсетіндер көбейеді. Бұл қатарда қазақстандықтар, оның ішінде ел алдында жүрген танымал адамдар да бар. Massaget.kz тілшісі суық күнде мұзойыққа қандай танымал адамдар түскеніне шолу жасады.
Динара Сәтжан
Кәсіпкер, журналист және тележүргізуші Динара Сәтжан Астананың аязында мұзойыққа түскен болатын. Бұл туралы ол Instagram-парақшасында айтты. Оның сөзінше, сұхбатқа байланысты түскен. Бірақ өзіне ұнаған.
Қарақат Әбден
Динара Сәтжан мұзойыққа биыл президенттікке кандидат болған Қарақат Әбденмен бірге түскен еді. Журналистің сөзінше, Қарақат Әбден 23 жылдан бері мұзойыққа түсіп жүр екен.
Алайда саясаткер бұл әрекетінің шоқыну мерекесіндегі суға түсуге байланысты емесін айтқан.
«Бұл шоқыну мерексіндегі суға түсуге байланысты емес. Дінге қатысты емес. Йогамен айналысып, буддист болып кетпейміз ғой. Қысқы жүзумен денсаулық пен иммунитетімді көтеру үшін 25 жыл бойы айналысып келе жатырмын», - дейді ол.
Қайрат Нұртас
2016 жылы танымал әнші Қайрат Нұртас та шоқыну мерекесі қарсаңында суға түсіп, көпшіліктің сынына қалған екен.
Stan.kz мәліметінше, Желі қолданушыларының бірі әншіге «дініңізді ауыстырдыңыз ба?» деген сауал қойған. Ал енді біреулер мұның православ христиандарының шоқыну мерекесіне еш қатысы жоғын айтқан.
«Крещениеде үш рет сүңгиді. Ол екі рет сүңгіді. Шоқыну түнгі уақытта болады. Бұл жерде дала жарық. Жарайсың, ем болсын», - деген Желі қолданушысы.
Рахим Ошақбаев
Экономист, журналист Рахим Ошақбаев та Астанада суға түскен. Оның сөзінше, Астанада суға түсуге барлық жағдай жасалған.
«Таңертең Динара Сәтжан мен Қарақат Әбденнің видеосын көрдім. Олар маған әсер етті», - деді ол Желіде.