Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов басына іс түсіп, тергеуде жүргенде, 400 беттей жазылып дайын тұрғанын кітабын арнайы тапсырмамен жойып жібергенін айтты, деп хабарлайды ЭК.
«Мына жағдай басыма түскенде шапқылап секіріп өттім деуге келмес. Мен де ет пен сүйектен жаралған жұмырбасты пендемін. Қатты қайғырдым. Үлкен ауыр психологиялық жағдайларды басымнан кештім. Тіпті, әлгі психологиялық емханаға да түстім», ― дейді актер 1001 бағдарламасына берген сұхбатында.
Ол психологиялық ауруханада жатқанда психолог дәрігерлердің неше түрлі сұрақтарына үрке-үрке жауап бергенін де еске түсірді.
«Қиналып жүрген сәтте, тергеліп жатқанда ол бір тапсырма алған ғой. Компьютерімде тұрған кітабымды өшіріп, жоғалтып, өшіріп жіберген. Кітапта өмірден көрген-түйгендерім, әріптестерім жайлы жазған естеліктерім, өмір, өнер жайлы ой-пайымдарым бар еді. Ол солардың бәрі өшіп кетті. Қайтадан қайтара алмай қалдым деп айтты. Кейін сол кездегі жазған кездегі менің көңіл күйім, санадан жүрекке, жүректен сияға қарай байланыс үзілгенде қолым қайтадан қаламға бармай қалды», — дейді Тұңғышбай Жаманқұлов.