Танымал әнші Төреғали Төреәлінің әйелі Толқын Тұрарбекқызы күтпеген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, отбасы ерекше бала тәрбиелеп отыр, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті.
«Сәлем бердім, баршаңызға, құрметті оқырман! Мен ерекше баланың анасымын! Иә, Қазақстанда денсаулығына байланысты кей балаларды осылай атайды... Ана атанам дегенше тіпті ерекше балалар бар екенін білмей өсіппін. Кәусарым туылып, мың түрлі диагноздарды қоя бастағанда отбасымызбен түңіліп кеткен едік. Алғашқы жылдары баланың диагнозын қабылдай салу оңай емес. Өзіңді кемсіткендей сезім пайда болады. Сосын жоқ, емдетіп жатырмыз, дәрігерлер айта береді, бұйырса аяққа тұрып кетеді деп өзіңді алдап жүресің. 1 жыл емес, 2 жыл емес, 3 жыл емес, ол диагноздың өмірлік екенін ойлағың да келмейді. Алғашында, әр емнен үлкен нәтиже күтіп, одан нәтижелі болмай қалса, қайтадан түңіліп, одан қайта ем іздеп, бірінен кейін бірі өтіп жатқан уақыт...», ― деп жазған ол.
Өнер иесінің жары ерекше баласы дүниеге келгенде қандай сезімде болғанын айтты.
«Қарап тұрсам, адам нені қабылдайды, солай өмір сүреді екен. Алғашында мен өзіме қуануға да тыйым салатынмын. Бір жаққа шығып көңіліңді бөліп келу, балам ауырып жатқанда қай жетіскеніңнен қуанасың деп ойлайтынмын. Одан керісінше, ойдың тұңғиығына бата бересің, сені ешкім түсінбейді деп ойлайсың. Ерекше аналардың 90 пайызы солай ойлайтын шығар», ― деп жазған әншінің жары.
Сондай-ақ, ол ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға мотивация берді.
«Ерекше балаң болса, өмірің тоқтап қалған жоқ қой. Сен өзіңнің ешкімге ұқсамайтын тағдырыңа барына, ешкімге ұқсамайтын, сен ғана қарай алатын балаңның барына неге шүкір етпейсің?» ―деп жазған ол.
Желі қолданушылар Толқын Тұрарбекқызын қолдап, пікір қалдырған.
«Шіркін, бәрі сіз сияқты ерекше баласы үшін жан беруге дайын болса ғой. Қазір сол ерекше балаларын пайдаланып, үкіметтен көп нәрсе міндет ететіндер көбейді ғой», «Ақылды әйелсің, бәрі орынды айтылған. Сен мойыма. Көңілді жүр», «Шіркін, дәл мені сипаттап бердіңіз. Ерекше баланың анасы болғаным үшін өзімді кінәлайтынмын. Аз да болса, басқаша ойлауға көмек еттіңіз», Дұрыс айтасыз! Мен де ерекше баланың анасымын. Қызым 1 жыл болды, айықпас дертке шалдықты. Ешкімнің сөзін жақтырмадым. Өмірден түңіліп кеттім. Мотивация бергеніңе рақмет», ― деп пікір қалдырған оқырмандар.