14 ақпан - Әулие Валентин күні туралы түрлі әңгіме айтылады. Танымал қазақстандықтар бұл күнді тойлай ма? Тойласа қандай сыйлық алуды жөн көреді? Бұл туралы олар Massaget.kz тілшісіне ойын айтып, сұхбат берді.
Алып қашпа әңгіменің ортасында жүрген танымал блогер Дәмелі ешкімнің сыйлық күтпейтінін айтты.
«Бұл күнді мен күтпеймін және тойламаймын. Себебі бұл біздің мерекеміз емес. Тіпті бұл күні оқырмандарымнан сыйлықтар да келмейді. Ал егер тойлаймын десеңіз достарыңызбен қызық кеш ұйымдастырып атап өтуге болады», - дейді.
Өмірлік серігін әлі кездестірмеген бұрымды сәуірдің 15-ін күтетінін айтты.
«Негізі бізде өзіміздің ғашықтар күні бар ғой Қозы Көрпеш - Баян сұлу сол күні бұйырса көреміз. Болашақта жігітімнен бұл мерекеге қандай сыйлық береді деп күтпеймін. Ең бастысы - ниет. Менің жұбым мені білсе, таныса, көрсе, өзі қызық сыйлықты таңдай алады деп ойлаймын. Ал әзірге менің жұбым жоқ. Сондықтан менде ешкімге не сыйлық таңдаймын деп бас қатырмаймын», ― дейді блогер.
Өз кезегінде әнші Кеңес Әлімжан бұл «біздің мереке емес» деген тоқтау айтты.
«Әулие Валентин күні дегенді мен өзім бала кезімнен түсінбейді екенмін. Бұл мерекенің қандай күн екенін білмеймін тіпті тойламаймын», - деп қысқа қайырды әнші.
«Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» деп қазақ аруларының жүрегін жаулап жүрген жігіттің әлі күнге басы бос екен.
«Мен романтик емеспін, сондықтан сыйлық деген нәрсені жасырын алып келе алмаймын айтып қоямын. Болашақтағы жарым егер маған мынаны алып бер десе әрине қолдан келгенше алып беруге тырысамын», - дейді ол.
Ал актриса Анара Батырхан бұл мерекені асыға күтетіндердің қатарында. Тіпті бағалы сыйлықтар да алып үлгеріпті.
«Әрине кішігірім болса да атап өтемін. Тіпті бұл күні мені сыйлайтын жандардан әшекей бұйымдар көптеп аламын. Дегенмен мен танымайтын адамдардын бағалы сыйлық алуға қарсымын», - дейді Анара Батырхан.