«Бейтаныс ер адамдар бар мейрамханаға апарды»: «Қазақстан аруы» байқауына қатысты дау шықты

«Қазақстан аруы» байқауы төңірегінде дау шықты. Бұл туралы «Астарлы ақиқат» бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бағдарлама мәліметінше, «Қазақстан аруы – 2023» байқауынан кейін ұйымдастырушылар үлкен жастағы ер адамдар отырған мейрамханаға қатысушы қыздарды after party-ге апарған. Ал Диана Тәшімбетованың анасы Қарлығаштың айтуынша, онда танымал украиналық әнші Лобода болатыны айтылған. Бірақ бәрі басқаша болған. Онда бейтаныс ер адамдар бар болып шыққан.

«Олар әр үстелге үш қыздан отырғызған. Ешқандай Лобода болмаған. 50 жастағы ер адамдар болған. Көбіне демеушілер. Бір кезде Дианаға екі демеуші келген. Есімдерін айтқым келмейді. Диананың қасында тағы бір вице-мисс Томирис болған. Олар «Диана, Томирис, біз сіздерге жанкүйер болдық, лайықтысыздар. Құттықтаймыз. Бізбен бірге Дубайға жүріңіздер» деген. Диана украиналық арт-директорға барып, «не болып жатыр, Лобода қайда?» деген. Ол «бірдеңе ұнамаса, кете бер» деген. Диана тұрып кетіп қалған», ― дейді ол.

Ал бағдарлама жүргізуші Дина Төлепбергеннің сөзінше, «Қазақстан аруы» байқауының президенті Айдай Исаева бастаған ұйым бәріне кінәлі Диана екенін айтып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін «Қазақстан аруы» байқауының ұйымдастыру комитеті «Ғалам аруы – 2022» титулының жеңімпазы Диана Тәшімбетованың тәжін қайтарып алған болатын.

«Жазба мен тікелей эфирдегі жарияланымдарға, конкурсқа және оның қатысушыларына жала жабуына байланысты биылғы финалист Диана Тәшімбетованы «Ғалам аруы – 2022» атағынан айырамыз. Диананың сөздері тек ұйымдастыру комитеті мүшелері мен оның серіктестерін емес, сонымен қатар, конкурстың басқа қатысушыларын да негізсіз қаралауды көздейді», ― делінген хабарламада.