Артур Ерке мен Райымның қарым-қатынасын ұзақ уақыт жасырғанын айтты

Артур Дәулетияров «Taboo» бағдарламасында Райым мен Еркенің махаббат хикаясы қай уақыттан бері жалғасып келе жатқанын жасырмай айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Фото: RaiM & Artur «Сәукеле» клипінен үзінді

Бағдарлама жүргізушісінің: «Райым мен Еркенің қарым-қатынасы қашан басталды?» деген сауалына әнші: «2018 жылдың соңында танысты. Біз Павлодар қаласында өткен концертке бірге бардық, бір автобуста отырдық. Ерке желіге жариялаған сурет сол автобуста түсірілген. Олардың қарым-қатынасы махаббатқа ұласады деп күтпедім. Өмір ғой бұл. Өзінің өмірі, таңдауы. Мен оны сөге алмаймын», – деп жауап берді Артур.

Өнер иесі жұлдызды жұпты қызының тұсау кесер тойына да шақырған. Алайда, Райым мен Ерке әріптесінің қуанышында төбе көрсетпеді.

«Екеуін де бір ай бұрын шақырдым. Олар сырға салудың шаруасымен жүргенін айтты. Сол себепті келе алмаған болар», – деді әнші.

Артур «Дуэт тарамай тұрып Райымның Еркемен қарым-қатынасын жасыру Райымбекке қаншалықты қиын болды?» деген сұрақты да жауапсыз қалдырмады.

«Оған ғана емес, бізге қиын болды. Өсек бекерден-бекер шықпайды ғой. Сұхбат барсында менен сұрайды. Бірақ барынша айтпай, жасыруға тырысатынмын. Райымға қиын болды деп ойламаймын. Себебі ол өз өмірін жария қылатын адам емес», – дейді өнер иесі.

Сұхбат барысында Артур Райымның бұрынғы қызы Наргизбен достық қарым-қатынаста екенін айтып қалды.

«Наргизбен жақсы араласамыз. Бір кездері Райымның қызы, команданың мүшесі болды. Қазір жұбайымның құрбысы. Ол да бір күнде жұлдыз болып кетті, тіпті бұлай танымал болып кететінін өзі де білген жоқ. Наргизді қолдайтындар көп. Райым бір жағынан бауырымдай адам, ал Наргиз жақын досым. Наргизбен достығымызға Райым себеп болды. Сол себепті Райым мен Еркенің қарым-қатынасын Наргизден жасыруға тура келді және қиын болды. Бар шындықты айтқанымда екі жақпен де қарым-қатынасым бұзылатын еді», – деді Артур ағынан жарылып.