I Елизаветаның өкіл қызы әрі кеңесшісі болған қазақ Ару Сұлтан

Қазақ хандығының картасы батыс елдерінің озық картографиялық баспаналарынан шыққан. Бұл ата-бабаларымыздың ертеден ақ шет мемлекеттермен дипломатиялық байланыс орнатқанын көрсетеді. Мәселен бұл тарихи құжаттарда 1562-1879 жылға дейінгі кезең қамтылыпты. Жалпы елімізге қатысты қазір бас аяғы 130 карта табылған, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.

1562 жылғы картаны британиялық дипломат, тарихшы этнограф, картограф, саяхатшы Энтони Дженкинсон жасады. Ол Қазақстанға XVI ғасырда 4 рет келген.

Энтони Дженкисон 1557 -1572 жылдары Қазақ жерін аралайды. Ол сапар барысында ұлан-ғайыр даланың сызбасын қағазға түсірген. Картаның оң жақ шетіне еліміздің ежелгі атауын төрт қатар етіп «Қазақия» деп жазыпты. Және мұнда 15 шақты қыз келіншектің суреті де бейнеленген.

«Осы картаны зерттеген кезде бірден көзге түсетін дүние ― иллюстрация жағынан өте бай. Яғни, осы европалық және америкалық 15-19 ғасырдың карталардың ішінде ең қазақ мәдениетіне, қазақ мемлекетіне, қазақ салтына бай картаны осы Энтони Дженкинсонның Лондонда шыққан картасы деуге болады», ― дейді заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.

Энтони Дженкинсон сызбаларына қазақ қызы Ару Сұлтан көмектескен. Мұхит-Ардагер Сыдықназаров 7 жылдық зерттеу жұмыстарынан кейін осындай байламға келіпті. Бұған дейін тарихта беймәлім болып келген бойжеткен Хақназар ханның Англияға жіберген сенімді өкілдерінің бірі деседі. Ол Энтони Дженкинсонмен бірге Англияға барғаннан кейін сол жерде патшайымның қасында болып, сол жерде қазақ әйелдерінің образын сомдаған.

«Ол туралы жазба деректер көп. Яғни корольдік архивтерде 1562 жылы жазылады Лондонға Ару Сұлтан Ипполита келеді. Ол Англияда берілген аты. Ипполита деген көне грек мифологиясында амазонкалардың патшайымы болатын. Ал Ару Сұлтан біздің көшпенді өркениеттің өкілі ретінде, қазақ мемлекетінің өкілі болған соң, оған Ару Сұлтана Ипполита деген қосымша ат қойылады», ― дейді ғалым.

Ару Сұлтан I Елизаветаның жақын тартқан адамдарының бірі болған. Тіпті Англия патшайымы оған «өкіл қызым» бейресми дәреже беріпті.

Ару Сұлтан жайлы әзірге толық дерек табылмады. Хақназар ханға туыстық байланысы бар-жоғы да белгісіз. Тек оның бірнеше тіл меңгергеніне және ақсүйек тұқымынан екеніне шүбә жоқ дейді ғалымдар. Қазақ қызының ағылшын аристократтарының арасында өзін сенімді ұстап, ортаға тез сіңісіп кетуіне сеп болған.

«Заманауи ағылшын ғалымы Бернадетт Андреа өзінің «I Елизавета гардеробы ашылды» атты кітабында және «Тюдор уақытындағы костюмдері» анықтағышында нақты жазып отыр: былғары аяқ киім, соның ішінде өкшесі бар аяқ киім енгізген және бірінші тапсырыс берген, I Елизаветаға сый ретінде сыйлаған Ару Сұлтана Ипполита болған болатын», ― дейді ғалым.

Ару Сұлтан 1576 жылы Лондон қаласында дүниеден өтіпті. Бұл кезде жасы 40-қа таяп қалған деген болжам бар. Әзірге оның қай жерде жерленгені белгісіз.

В статье: