Балабақшада қазақ тілінде ас қайырған орыс балаға жұрт тәнті болды

Балабақшада жайылған мерекелік дастарқан басында қазақ тілінде ас қайырған орыс баласы көпті өзіне қаратты, деп жазады Aikyn.kz.

Бүлдіршіннің видеосын анасы ТікТок парақшасында жариялады. Онда балабақшада қазақтың ұлттық киімін киген бір топ бүлдіршінді көруге болады. Олар мерекелік дастарқан басына жайғасып, соңында орыс баласы ас қайырады.

«Батам, батам, батпасын,

Батам жерде жатпасын!

Осы отырған барлығымызды,

Бір Құдайым сақтасын,

Асқа адалдық берсін, басқа амандық берсін», – дейді бүлдіршін.

Балақайдың ас қайырған видеосын көрген желі қолданушылары қазақи тәрбие беріп отырған ата-анасына риза болып, бүлдіршінге ыстық лебіздерін жаудырды.

«Ата-анасына алғыс», «Ой, алтын бала! Бақытты бол, айналайын», «Бәрекелді, айтқаның келсін», «Түрінен сол. Батаң қабыл болсын», «Барлық балапандарды Алла қолдасын», «Жандарым сол, қазақ елінің болашақ мақтаныш ұрпақтары», деп жазды желі қолданушылары.

Айта кетейік, ас қайырып, көптің жүрегін елжіреткен бүлдіршіннің есімі – Алан. Ол қазақ тілінде еркін сөйлейді.