Кілем тоқу өткен ғасырда қалған кәсіп боп көрінер. Бірақ оны заманға лайықтап жандандырған жандар бар. Қызылордалық Жандос Шораев - соның бірі, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның қолынан шыққан шедевр дүниелерді құдды картина дерсің. Көздің жауын алады. Еңбегінің ерекшелігі - тафтинг әдісін қолдануы.
Тафтингті кілемнің не екенін көбіміз біле бермейміз. Алайда оның шығу тарихы ХVІІ ғасырда жатыр. Дара емес, бума жіппен тоқығанда суреттегідей әдемі дүние шығады.
«Кілемдер көлеміне, жұмыстың күрделілігіне қарай әрі кеткенде бір аптада дайын болады. Көп адам сыйлық ретінде алып, жақын-жуығын қуантқысы келеді», — дейді жас кәсіпкер.
Жандос таңсық кәсіпті Алматыда үйренді. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 2,5 млн теңге қайтарымсыз грант иеленді. Құрал-жабдық сатып алды. Әзірге кәсіпкер кілемді үйінде тоқып жүр.