Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы қазақстандық және ресейлік эстрада әншісі, сазгер Батырхан Шүкеновтың туған күніне орай өнер иесі жайлы естеліктермен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Батырханның әнімен өскеніміз рас қой. Біз 2002 жылы таныстық. Ол кезде радиода істеймін, бастығым Нұрберген Махамбетов еді. Бір күні сол кісінің кабинетіне көп дисктерді әкелсем, Батыр отыр екен. Таңғалғаным сонша, қолымдағы дисктерімді түсіріп ала жаздадым.
«Радиода қазақша сөйлейтін қыз осы ма?» деп сұрап қояды бастығым. Мен үнсізбін, әлі шокпын. Сөйтіп кешке достарым Батырханның өзімен танысқанымды айтып бір мақтанғаным бар», – деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.
Тележүргізуші уақыт өте Батырхан Шүкеновпен сырлас досқа айналғанын да айтып қалды.
«Кейін сол таныстық достыққа ұласты. Суперстарда бірге жұмыс істедік. Ішімдегіні ашық айтып, сырласып алатынбыз. Қайрекең де қатты сыйлады. Батыр қазақша альбомын жазғанда акцентімен жұмыс істеу үшін студияға барып көмектесетінбіз. Қайран өмір-ай десеңші. Қайта келмес шақтар-ай… Көзі тірі болғанда бүгін 61 жасқа толар еді. Мәңгі жүрегіміздесің», – деп жазбасын аяқтады тележүргізуші.
Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева мен Әли Оқапов әншінің туған күнін ескеріп Батырхан Шүкеновке ән арнады.
«Батырхан Шүкеновтің туған күніне орай, біздің жанұямыздан арнау», – делінген жазбада.
Айта кетейік, Батырхан Шүкенов 2015 жылдың 28 сәуір күні кенеттен жүрегі тоқтап, 53 жасқа қараған шағында Мәскеуде қайтыс болды. Дәрігерлер әншінің өмірін сақтап қалу үшін бірнеше сағат бойы күрескен.