Қалың көпшілікке «Бауыржан шоу» театры арқылы танылған актер Алмат Сақатов «Менің өмірім» бағдарламасында жақсы әйел қандай болу керектігін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актердің айтуынша, жақсы әйел шыдамды болу керек.
«Ер азаматының қандай қылығы болмасын бәріне төзе білу керек. Сабаса, ұрса, күнде арақ ішіп жүрсе, мен түсінемін. Бірақ еркек сондай жағдайға дейін жету керек. Әйелдің тіл ұзарғанда, еркектің қолы ұзарады. Сол себепті әйел тілін тартып, тыныш жүрсе, шыдаса ақылды еркек өз орнына келеді. Ал шыдамаған әйел бір рет қарсы сөйлейді, екі рет қарсы сөйлейді. Үшіншіде таяқ жейді. Одан енесінің мінезі жаман болуы мүмкін. Оған да шыдау керек. Күйеуің қыдырып кетсе, шыда. Айғайлассаң бетің ашылады. Сәл төзсең ұялғаннан өзі де қояды. Әйел ер азаматына адал болу керек дейтіндер бар. Шыдамсыз әйел қайдан адал болады. Айғай-шу болған соң әйел де қолын бір сілтеп кетіп қалады. Қиын өмірге шыда, пәтерде жүрсең – шыда, күйеуің ақша таппаса – шыда. Шыдау үшін де ақыл, сабыр, парасаттылық керек. Мен – шыдамсыз адаммын. Досым болсын, әріптесім болсын отырған жерімде айтып саламын. Кейін «неге айттым екен» деп өкінемін. Әйелім де дұрыс емес нәрсе айтып отырса, енесі отыр ма, әкесі отыр ма қарамаймын. Сол жерде өзімдікін айтамын. Мінезім сондай», – дейді актер ағынан жарылып.