Өз парақшасында қазақ министр келді деп қуанған депутат Дәулет Мұқаевты желі қолданушылары сынға алды. Олар депутаттың ұлтты бөліп жарғанына наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжілісмен Дәулет Мұқаев парақшасына даулы пост жариялап, төтенше жағдайлар министрі лауазымына Юрий Ильиннің орнына Сырым Шәріпханов болғанына қуанышын білдірген.
«Бұл қызметке, әйтеуір, қазақ келді-ау! Мемлекет басшысының жарлығымен Сырым Дүйсенғазұлы Шәріпханов Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі қызметіне тағайындалды. Сырым мырзаға жаңа қызметіне сәттілік тілейміз. Елде төтенше жағдай болмасын. Бізге керегі нәтижелі жұмыс. Юрий, қош бол!» – деп жазды ол.
Министрдің біліктілігіне емес, ұлтына назар аударған депутатқа желі қолданушылары сын айтты.
«Неге қазақ, орыс деп бөліп жатырсыз?», «Ұлты испан болса да, халыққа пайдасы тиетін адам отырғаны жақсы», «Әңгіме ұлтта емес, жұмысты атқарғанында. Қолынан түк келмейтін адам қазақ екен деп отырғызып қойса, жақсы ма?» – деп жарыса жазды желідегілер.
Депутаттың Dauletten парақшасында 2,4 млн жазылушы бар, бірақ оны қазір басқа адам жүргізеді. Мұқаевтың өзі кәсіби қызметіне қатысты жеке аккаунт құрды.
Дәулет Мұқаев – ең көп оқылатын қазақ тілді блогерлердің бірі.