Риддердегі 16 мектептің біреуі ғана қазақша - депутат Қазыбек Иса

Риддердегі 16 мектептің тек біреуі қазақ мектебі. Бұл туралы депутат Қазыбек Иса айтты, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Фото: ИА «NewTimes.kz»

Депутаттың сөзінше, Риддердегі алғашқы қазақ мектебі әйгілі желтоқсан көтерілісінен кейін 1987 жылы кешкі мектеп болып ашылған.

«Бірақ Кеңес Одағы кезінен оңалып кеткені шамалы. 550-дей қазақ баласы оқитын мектеп өткен ғасырдың басында 1936 жылы салынған және 1952 жылы салынған ескі тозығы жеткен ғимаратта оқып жатыр. Риддердегі жалпы 16 мектептің біреуі ғана қазақша, 12-сі орыс мектебі, үшеуі аралас мектеп. Қазақ елінде, қазақ мектебі 20 жылдан бері ғимарат сұрап зарлап келеді. Риддерде қазақ мектебі жетпегендіктен, қазақ балаларына дискриминация жасалып, оқуға жағдай жасалмай жатыр. Бірақ соның өзінде қазақ мектебі қаладағы ең үздік мектеп, Қазақстанның 100 мектебі тізіміне енген», - дейді депутат Мәжіліс отырысында.

Қазыбек Исаның сөзінше, қалада 700-дей бала аралас мектепте оқып жүр. Сондықтан халық қазақ мектептері ашылып, жаңа ғимарат салынуын талап етіп жатыр.