Танымал әнші Тамара Асар қыз жасауына қатысты кейбір ерсі қылықтарды сынға алды. Бұл туралы ол «Қыздар-ай» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Massaget.kz.
«Ең бірінші шошыған нәрсем — қыздардың артынан келген жүгінің шұлығына дейін, ішкиіміне дейін көрсетіп жатады ғой, соған жүрегім біртүрлі болды. Артынан үйреніп кеттім де, мән бермей кеттім. Қыздың жүгі бөлек қой. Уақ-түйек, майда-шүйдесін ет жақындарына көрсетсе. Қазақ өнерді бағалаған ғой. Сандық пен көрпені неге көрсеткен? Көз майын тамызып жасаған адамның өнерін көрсетейін деген ғой», — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Жазира Байырбекова да қыз жасауын ақтарып көрсететіндерді сынаған еді.
«Қазақтың тойларында қыздың артынан апаратын дүние-мүлікті халыққа ақтарып көрсетуін, қызға қанша қалыңмал әкелгенін көпшілікке жария етуін қазақтың салты дегенге сеніңкіремеймін. Осыдан 15-20 жыл бұрын әдемі қыздың қолынан ұстап, ұзату әнін айтып бастап едім. Бірақ дәл бүгінгідей әнші ұзату керек деген ұғым қалыптасып, салтымызға айналып кетеді деп ойламадым. Менде жаман ой болған жоқ. Жай ғана тойдың сәнін келтірсем деген ниет болды. Осы жағдай сияқты әдетке айналып кеткен-ау?» — деп жазған еді ол.