«Қор болып жүрмін»: Танымал әндердің авторы Арман Қайназаров «бомжға» айналған

Әлеуметтік желіде Арман Қайназаров есімді жігіттің аянышты хәлдегі видеосы кең тарады. Өзінің айтуынша, Қызылорда облысынан, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Фото: видеоскрин

Сырбойылық ақын Есет Табынбаев фейсбуктегі жеке парақшасында оны танитын жақын-жуық, дос-жарандарға іздеу салды.

«Әңгімесіне қарасаң, өнерден кенде емес, көптеген әннің авторы екен. Басқа емес, Қазалының тумасы. Тағдыр деген сан бұралаңды дүние екенін есейген сайын көріп келеміз ғой. Мына бауыр сол тар жолда тайып кетіпті. «Үйіме баруға ұяламын» деп отыр. Өзін тастап жібергенімен намыс пен арын, бастысы, ұятын тастамапты. Танитын кісілер, ағайын-бауыры болса, қолтығынан сүйеп жіберсе, аяғына тұрып, көптеген әннің авторлық құқығын алса, әжептәуір азамат, тамаша шығармашылық адамы болып та кетер ме еді?!» — деп жазды ол.

Арманның он шақты жыл бұрын орындаған әндері youtube.com желісіне жүктелген екен. Ондағы комментарийлерге қарасақ, тағдырдың соққысынан талантты құтқару керек дегенге саяды.