Қазақтар орыс тіліндегі дубляжға үйреніп қалған - Марлен Биназар

Қазақстанда мемлекеттік тілде дубляж жасалған фильмдер мәселесі бұған дейін де көтеріліп келген. Мәселен, «Аватар 2» фильмі көрермендерге жол тартқанда желі қолданушылары қазақ тіліндегі нұсқаның кинотеатрда сирек көрсетілетініне шағымданған еді. Дегенмен бұдан кейін қазақ тілінде жарық көрген фильмдердің саны саусақпен санарлық. Дубляж актері Марлен Биназар қазақ тілінде дубляждалған фильмдердің көбеюі үшін мемлекет тарапынан қолдау керегін айтады. Stan.kz тілшісіне сұхбат берген ол көрермендер сұранысы мен саладағы қиындықтар туралы да айтып берді.

Марлен Биназар – Dopamine Voice тобының жетекшісі, дубляж актері. Топ анимелер мен өзге де шетелдік фильмдерді қазақ тіліне дубляж жасаумен шұғылданады.

«Дубляж жасауды 2021 жылы ТikTok платформасында анимелердің қысқа үзінділері трендте болған сәтте бастадық. 24 сәуірде видеоны алғаш рет әзіл ретінде дыбыстадық. Әділ, Камила, Бекарыс – топтың құрылтайшылары, онлайн форматында ТikTok желісінде анименің қысқа үзінділерін дыбыстаумен айналысып жатқанын байқадым. Содан кейін оларға қосылып, бұл жобаны дамытуға атсалыстым. Содан бері атқарылған жұмыстар жетерлік», – деп бастады Марлен.

Бүгінгі күнге дейін дубляж актерлері 5 толықметражды фильмге және 3 аниме сериалына дубляж жасаған. Олардың қатарында «Сенің Есімің», «Хаулдың жаяу қамалы», «Сиқырлы шайқас», «Етік киген мысық 2», «Елес ерткен» фильмдері бар екен. Дубляж актерінің айтуынша, қазақ тіліне аударылған фильмдерге деген сұраныс аз емес.

«Көрермендердің көпшілігі сапалы қазақша дубляждың орыс дубляжынан кем түспейтінін біліп, біздің дыбыстамаларымызды күтеді. Алайда біздің көрермендердің арасында еңбекті бағалай алмайтындар да бар. Біздің жұмысымыздың көп бөлігіне уақыт пен қаржы жұмсалады. Ол дегеніміз студияның жалға алу төлемі, аударма ісі мен актерлердің еңбегі және т.б. бар. Осылардың барлығын ескермейтін адамдар бізге теріс пікірлер жазып, бізден негізсіз талап қояды. Ал қаржылай көмек сұрасақ, бірден үнсіз кететін көрермендеріміз де бар», – деп қосты ол.

Марлен Биназардың сөзінше, кей фильмдерге дубляж жасау үшін Краудфандинг немесе көрермендер арасынан қаражат жинайды екен. Дегенмен шығын көп жағдайда өзін ақтамайды дейді.

«1 фильмге кететін шығынды нақты есептеу қиын, себебі фильмдердің ұзақтығы әртүрлі. Мысалы, «Етік киген мысық 2» фильмін алар болсақ, біз бұл фильмді дыбыстау үшін көрермендер арасында Краудфандинг, яғни қаражат жинау өткіздік. Барлығы 600 000 теңге көлемінде ақша жиналды. Бұл қаржы актерлерге, монтаждаушыға, топтың ортақ шығындарына, студияны жалға алуға жұмсалды. Дубляждалған фильмдерден түсетін қаражат табыс көзі болса да, ол жеткілікті деп айтуға келмейді. Өзін ақтай ма? Бәлкім, біз еңбегімізді төмен бағаласақ, ақтауы мүмкін. Бірақ біз үшін бұл жеткіліксіз», – деп түсіндірді Марлен Биназар.

Dopamine Voice тобын қазіргі уақытта ешкім тікелей қаржыландырмайды. Сондықтан дубляж актерлері жарнама жасау, дикторлық қызмет, желідегі брендтік жарнама секілді өнімдерін сату арқылы табыс табады екен.

Дубляж актері сұхбат барысында фильмді дыбыстау кезіндегі қиындықтар туралы да айтып берді.

«Қазақша дубляж жасау қиындықтары барлық басқа тілдегі дубляж қиындықтарына ұқсас деп айтуға болады. Тіл ерекшелігі – басты мәселе. Түпнұсқа тіліндегі сөйлемнің қазақша аудармасы тым ұзақ немесе сөйлем құрылымы өзгеше. Сондай-ақ түрлі акценттердің қазақ тілінде қолданылмауы да кедергі келтіреді. Аударма жағынан да осының бәрін ескеру қиын, липсинк, яғни кейіпкердің еріндеріне сөйлемнің дөп түсуін сақтау өте күрделі. Ары қарай әртістік ойын мен эмоцияларды қайталау тәрізді қиындықтар туады. Бірақ жұмысымыз сонысымен қызық», – деп түсіндірді Марлен Биназар.

Әйткенмен азаматтардың көпшілігінде «қазақша дубляж сапасыз болады» деген ой қалыптасқан дейді. Сондықтан қыруар қаржы бөлініп, фильмдерге дубляж жасалса да, кинотеатрдағы сеанс мұны ақтамайды екен.

«Қазақша дубляж қоғамда сұранысқа ие емес. Себебі қазақтардың көпшілігі орыс тіліндегі дубляжды көріп өскендіктен, соған құлағы үйреніп қалған. Оның үстіне қазақша дубляжды естімегендіктен оны нашар деп алдын ала таптаурын қалыптасады. Сондықтан олар кинотетарлардағы қазақша сеанстарға кірмейді. Ал кинотетарларға табыс әкелмейтін сеанстарды ашу тиімсіз. Қазақша дубляждың көбеймеу себебі де осы. Қазіргі уақытта елімізде дубляж мемлекеттің немесе қоғамдық қор қаржысына ғана жасалады. Үлкен қаражат дубляжға жұмсалып, кинотетарлардағы сеанстардан ақталмай жатады», – дейді дубляж актері.

Марлен Биназардың сөзінше, қазақша дубляждалған фильмдердің саны көбею үшін әрдайым мемлекет тарапынан қолдау керек.

«Себебі қазақша дубляждың мемлекеттік тілдің дамуына қосатын үлесі үлкен. Бірақ қанша жыл өтті, ал мемлекет жаңа студиялар ашуға немесе дубляж әртістерін оқыту саласына ешқандай қаражат жұмсаған емес. Бұл ақпаратты кез келген дубляж әртісі растай алады. Қазақстан бойынша бастапқыда қалыптасқан, мемлекеттің қадағалауымен жұмыс істейтін небәрі 2-3 студия ғана бар. Олардың барлығы қосылып, егер қаржыландыру болса, жылына 10-15 шетелдік фильмге дубляж жасай алады», – деп қосты ол.

Маман алдағы уақытта инвестор тауып, дубляж жасалған фильмдерді кинотеатрға шығаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

«Алда көптеген танымал фильмдер мен мультфильмдерді қазақ тіліне дубляждауды жоспарлап отыр. Біздің жұмысымыз адал әрі қазақ халқы үшін болса да, заң жүзінде бұл құқық бұзушылық болып саналады. Яғни бейнематериалдар мен дыбысты автордың рұқсатынсыз алып дубляждап, желіге салу заңсыз. Бізге бұл сала ұнайды, сондықтан бұл жауапкершіліктерге тап болатынымызды білдік. Біздің жоспарымыз – жақсы инвестор тауып, фильмдер мен сериалдарды ресми түрде кинотеатрларға шығару. Сондай-ақ біздің елімізде көптеген қазақша дубляждар тек дыбысталады. Ал олардың кинотеатрға арналған өңдеуін шетелде, яғни фильм түсірушілердің өздері жасап, Қазақстанға қайта жібереді. Ол дегеніміз Қазақстанда кинотеатрлық дыбыс өңдеу сапасын сақтайтын студиялар аз. Біздің жұмыстарымызда, әрине, ондай сапа жоқ. Осы себепті оны алып, кинотеатрға қоя салу мүмкін емес. Біз өз күшімізбен бұл саланы тартып алып кетпейтінімізді білеміз. Бізге қолдаушылар қажет, қаржылай әрі заң жүзінде», – деп аяқтады ол.