Жадыра Сенбай - Моңғолияда дүниеге келген қазақ қызы. Ол 14 жасында Жапонияның Токио қаласына көшкен, содан бері 14 жыл «Күншығыс елінде» отбасымен тұрады. Кейіпкер Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында жапондардың қазақтардан айырмашылығы, мәдениеті мен сол елдегі кәсібі, Жапониядағы қазақтарға арналған мәдениет үйі туралы айтып берді.
Жадыра Ордабекқызы – «Жақын Жапония» кітабының авторы. Ол бұл елге алғаш келген күннен бастап басынан өткен талай қызықты қағаз бетіне түсірген. Оның айтуынша, алғаш келгенде елге үйренісу қиын болған, оның үстіне, кейіпкеріміз тілді мүлдем білмеген.
«Жапонияға алғаш рет 10-сынып оқып жүргенде 14 жасымда келдім. 10-12-сыныпты осы елде аяқтадым. Мектептен кейін жоғарғы оқу орнын, магистратураны да осында оқыдым. Кейін бір жыл Лондонда, тағы бір жыл Түркияда, ал Қазақстанда 3 жыл білім алдым. Көшу процесі оңай болғанымен, елге үйренісу аздап қиынға соқты. Өйткені мен тіл білмедім. Бірақ бұл халықтың мәдениеттілігі, адамгершілігі, адамға көмек қолын созуға дайын тұратыны мені осы елде қалуға көндіргендей болды», - дейді ол.
Жадыра Сенбай 5 тілді оңай әрі тез меңгерген. Ол қазақ, моңғол, жапон, түрік және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Жадыра жапон тілін 6 айда, ал інісі Ақжарқын небәрі 3 айда меңгеріп алған.
«Түркияда қазақ тілінде сөйлесе беретінбіз. Ал моңғол тілін Жапонияда меңгердім. Мұнда моңғол көп. Жоғары оқу орнында оқып жүргенімде жатақханада моңғол құрбыларым тұратын. Тілді солардан меңгеріп алдым. Ал жапон тілі - қазақ тіліне, грамматикасына ұқсас, құлаққа жағымды, әуезді тіл. Оны бар болғаны 6 айда үйрендім. Көбі жапон тілінде сөйлеп кету қиын деп ойлайды, керісінше, ол меңгеруге жеңіл тіл деп айтар едім. Жалпы тілі қазақша шыққан, қазақ тілінде сөйлейтіндерге өзге тілді үйрену оңай, себебі біз күрделі дыбыстарды дыбыстауға үйренгенбіз», - дейді Жадыра.
Кейіпкер екі халық арасында қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар барын айтты.
«Заманауи қазақтар мен жапондар арасында айырмашылық көп, әрине. Бірақ бұрынғы қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін зерделей келе, жапондар мәдениетті қазақтардан үйренген деген ой келді. Бұл туралы әжем де айтатын. Жапонияға келмес бұрын бұл елдің мәдениетін біліп келген дұрыс. Жапондар өз жұмысын ешқашан біреуге артпайды. Жауапкершілік, айтқан сөзіне берік болу қанына сіңген», - дейді ол.
Жадыра Ордабекқызының «Күншығыс елінде» кәсібі бар. Ол тек кітап жазумен айналыспайды, сондай-ақ, жапон тілін үйретеді және осы елге түскісі келетін талапкерлерге көмектеседі.
«Қазіргі мақсатым - қазақ балаларына Жапонияның кереметін, тілін, табиғатын, өзім барған-басқан жерді көрсету. Жапондықтарға да қазақтарды, біздің тарихты таныстыру. Мен оқып жүргенде жапондар қазақтардың кім екенін біле бермейтін. Тіпті Қазақстан деген мемлекеттің барын білмейтін, олар бізді тілі, жері жоқ, Ресейдің астындағы халық деп ойлайтын. Сол кезде қатты қиналатынмын. Қазақстан тәуелсіздігі, тілі, ділі, салт-дәстүрі бар ел екенін дәлелдегім келетін», - дейді кейіпкер.
Жадыра биыл арманына бір қадам жақындады. Ол Жапонияның астанасында Қазақ елін таныту мақсатында мәдениет үйін ашты. Қазір ол шетелде қазақтарды, біздің салт-дәстүр мен тарихты танытумен айналысып жүр.