Фотограф Ернар Алмабек Алматы облысына кезекті сапарында ауылдағы әдемі жұпты кезіктіріп қалған, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ауылдың баласы Нұрсұлтан алғаш жарын көргенде, бәрін шындықтан бастауды жөн көріпті. Осылайша, олар 2 жылдан кейін шаңырақ көтерген.
«Алғаш таныстық. Тасқын деген дос баламның Mercedes-і бар еді. Сомен бардым. Екі-ақ әңгіме айттым. «Бірінші, машина менікі емес, екіншіден, ауылға тұрасың ба?» деп. Әйелім «ауылдың өмірі қызық, бұйырғанын көреміз» деді. Сомен 2 жылдан кейін ауылға тартып кеттік. Әйелім ауылдан біраз нәрсе үйренді. Бірақ ол маған суши жеуді үйретті. Алматыға суши жеу үшін демалып барып тұрамыз», — дейді Нұрсұлтан.
Қаланың қызы ауылға келгенде бәрін қызығушылықпен үйренгенін айтады.
«Сол кезде басым жасамай қалғаны-ай деп отырмын... Қаланың өмірін 22 жасыма дейін көргеннен кейін ауылдың өміріне үйренісуге тырыстым. Аттракционға бірінше мінгенде, барлығы қызық болады ғой, солай қызығып үйреніп кеттім», — дейді Еңлік күліп.
«Тіл-көзім тасқа! Жайлауда малын бағып, тіршілігін дөңгелетіп отырған Нұрсұлтан мен Еңлікке қарап, бір шеті риза болып, бір шеті сүйсініп қайттым. Жастарға бақыт тілеп қойыңыздар!» — деп жазған фотограф.
Желі қолданушылары әдемі жұпқа тек бақыт тілеген.
«Мә, күшті қандай», «Келіншегі қандай сұлу», «Қандай қарапайым жарасымды жұп, бір-бірін сөзсіз сүйетіндері көрініп тұр», «Алла тіл көзден сақтасын. Сондай жарасымды жұп. Бақытты болсын! Үбірлі -шүбірлі болсын!», «Қандай керемет! Осындай ауылдық жерде тұру да керемет ғой. Табиғат қандай!» — деп жазды олар.