100 домбырашы футболдан Қазақстан құрамасына қолдау көрсетті

Домбырашылар футболдан Қазақстан құрамасына Солтүстік Ирландия құрамасына қарсы ойында қолдау көрсетті, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Домбырашылар керемет көріністің видеосын әлеуметтік желіде жариялады.

«Жеңіс құтты болсын. Ұлттық құрамаға 100 домбырашы 90 минут тоқтаусыз қолдау көрсеттік», - деп жазған домбырашылардың бірі.

Желі қолданушылары көзсүйсінтер көрініске жылы лебіздерін жазған:

«Еріксіз көзге жас келеді екен», «Домбыра сөйлеп тұр ғой», «Жарайсыңдар!»

Еске салайық, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы «Астана Аренада» Солтүстік Ирландия құрамасын ұтты. Ойында отандастарымыз 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлаған голды 27-минутта Максим Самородов соқты. Оның айып алаңы сыртынан жерлете тепкен добы қонақтар қақпасының торында тулады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен кәсіби бокс жұлдызы Геннадий Головкин Қазақстан құрамасының матчіне тамашалады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұлттық құрамасының жеңісі туралы жылы лебізін білдіріп, қоқыс жинап шыққан елордалық еріктілер мен белсенділерге алғыс айтты.

В статье: