Белігілі актер, әзілкеш Жахан Отарғалиев НТК арнасының «Өзіміз ғой» бағдарламасына берген сұхбатында TikTok желісінде отырып, қалай ақша тапқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кино продюсер кезекті фильмінің сәтсіздікке ұшыранағанына TikTok желісінің қолданушысы кінәлі деп санайды.
«Джохан 2» киносының сәтсіз шығуына TikTok-тағы бір апай себеп болды. Түрлі нөмірден он жаңа аккаунт ашып, фильмнің үзінділерін салған. Астына «фильм онша емес, келмеңіздер» деген секілді пікір қалдырған. Халық соның құрығына ілініп қалды. Сөйтіп, бұдан кейін ойлана келе «мен TikTok-тың түбіне жетемін» деп ойладым. Сосын аккаунт ашып, стримге кірдім, түрлі баттл ойнадым. Алғашқы екі күн жеңілдім, 200 доллар ақша таптым. Бірақ содан кейін жеңе бастадым. Қазір бәрін ұттым. Бірінші айда 20 мың доллар (9 279 600 теңге) табыс таптым», – дейді Жахан Отарғалиев.
Сондай-ақ ол TikTok компаниясының Қазақстандағы филиалын ашып, ұйымға шоу-бизнес өкілдерін жинап жатқанын айтты.
«Тіркелгеннен кейін бір аптадан соң TikTok-тың Қытайдағы филиалының басшысы соқты. Ол Қазақстаннан TikTok-тың филиалын ашқысы келеді екен. «Бірге жұмыс істейік» деп ұсыныс айтты. Жалпы Қазақстаннан Қытай азаматтары TikTok компаниясының филиалын ашқан. Жанында бір-бір аудармашысы бар. Солармен жұмыс істеп отыр. Ал мен өзім ашсам деген ұсыныс айтып едім, олар келісті. Сөйтіп, «филиалға барып, бастықтарыңызбен сөйлескім келеді» дедім. Олар барлық жол шығынын төлеп, мені апарды. Қытайлықтар өте жақсы қарсы алды, сөйлестік. Сол кезде қытайдың бәрін жақсы көріп кеттім. TikTok-тың офисіне келіп, эфирді аштым да, «достар, мен түбіне келдім» дедім. Халық қошемет білдірді. Қазіргі таңда үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Қазақстаннан TikTok-тың филиалын аштық. Стримерлер жақсы ақша таба алады. Біздің компанияда ешкім бір-біріне жаман сөз айтпайды. Стримерге келген әртіске 50/50 табыс түседі. Одан бөлек TikTok-қа түскен ақшаның шетінен сізге тағы да төленеді. 50%-дан бөлек, біз стримерге тағы белгілі бір пайыз ақша береміз. Бірақ ол ақшаны біздің ұйымға тіркелмесеңіз ала алмайсыз. Сол себепті әртістерді жинап жатырмыз. Мысалы, кеше блогер ініміз Ақарыс Әділжан, Нұрболхан Шарапов, басқа да актрисалар келіп жатыр», – дейді кинопродюсер.