Блогер Алексей Лодочников қазақ тілін менсінбейтін қазақстандықтарға үндеу жасады

Белгілі блогер Алексей Лодочников түрлі ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді жетік меңгергенін көрсеткен видео жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Видеодан алынған кадр

Блогер бұл видео «Мен неге қазақ тілін үйренуім керек? Ол маған не береді?» деген сұрақ қоятындарға арналғанын айтты. Ол осы сарынды әңгімелерді жиі еститінін атап өтті.

«Қазақ тілін үйрен. Қазақ тілін білу сізге барлық есікті ашады», – деді қазақ тілі мұғалімі Юлия.

«Біз қазақ тілін үйренуге міндеттіміз, өйткені біз Қазақстанда тұрамыз. Бұл біздің тіліміз», — деді видеода қатысушылардың бірі.

«Тек бастаңыз, ары қарай бәрі ойдағыдай болады», — деді Виктор.

Сондай-ақ Алексей өз ана тілін әлі күнге дейін менсінбейтіндерге осы видеодағы адамдарға қарап, ана тілін үйренуге шақырады.

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар Алексейге қазақ тіліне деген қамқорлығы үшін алғыс білдіруде.

«Алексей, сен үлгісің!», «Осындай орыстарға үлкен құрмет», «Жарайсың, Алексей!», «Бұл жігіттерде тіпті акцент жоқ», — деген пікірлер жазылуда.