«Отбасындағы әңгімені сыртқа тасымау керек»: Димаштың анасы жас келіндерге ақыл айтты

Әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева жас келіндерге айқыл айтты. Оның айтуынша, келіндер отбасының жақсылығын асырып, жамандығын жасыруы керек, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Фото: sveta_aitbaeva73

Тіпті ол шаңырақты шайқалтпай, отбасындағы ауызбіршілікті қалай сақтап қалуға болатынын түсіндірді.

Cвета Айтбаева бұл туралы «Жақсы адамдарым» бағдарламасында айтып берді.

«Біздің қатарластырымызда ренжісу, екі жаққа кетіп қалу, ажырасу, төркініне қайтып кету деген сияқты жайттар болмаған екен. Менің ойымша, қазіргі жас келіндерге қажет дүние, «бас сынса, бөрік ішінде» дейді ғой.

Отбасындағы ошақ басындағы әңгімені сырт жаққа тасымау керек. Ер азаматын ағайын-туысына, төркініне, қайын жұртына жамандап айтпау керек. Сол кезде ғана отбасында береке, тыныштық, керемет бірлік болады деп санаймын.

Қазір жаңа түскен келіндер аналарына хабарласып, көп шағым айтып жатады. Өкінішке орай, бұл жайттар көптеп кездеседі. Осыдан қашық болу керек.

Бір оттың басына келген соң, сол кішігірім отаның бірлігін сақтау үшін түк білдірмей, жаманын жасырып, жақсысын асырып бір түтінді түзу түтетіп отыру керек деп ойлаймын», — деді Димаштың анасы.