Нұрсұлтан Назарбаевқа көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық корпус, шығармашылық зиялы қауым өкілдері және діни қызметкерлер көңіл айтты, деп nazarbayev.kz-ке сілтеме жасап «NewTimes.kz» ақпарат агенттігі хабарлайды.
Еске алу асында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев көпшілікке жылы лебізі мен қолдауы үшін алғыс білдірді.
«Осындай ауыр сәтте біздің отбасымызға ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен бірқатар мемлекет және үкімет басшылары, саяси және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, көптеген қазақстандық көңіл айтып, қайғымызды бөлісіп, қолдау білдірді. Барлығына шын жүректен ризамын», — деді Қазақстанның тұңғыш президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихын еске алып, бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан реформалардың маңыздылығын атады.
«Әр ұрпақтың өзінің жолы мен міндеті бар. Келесі ұрпақ та өзгеріс енгізеді. Өзгеріссіз даму жоқ, онсыз алға жылжи алмаймыз», — деді Қазақстанның тұңғыш президенті.
Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің өркендеуінің, қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі халықтың бірлігі екенін атап өтті.