Танымал актер Асанәлі Әшімов «Қыз Жібек» фильмінің ел білмейтін құпияларын ашты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Мархабат» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Биыл «Қыз Жібек» фильмінің түсірілгеніне – 55 жыл.
«Фильм екі жарым жылдай түсірілді. Қазіргідей бір аптада түсіріп тастамайды. Түймесіне дейін сол замандікі болуы керек деген талап қойылды. Қаншама хайуанаттар мен жан-жануарлар әкелінді. Әр актердің мінетін аты бөлек болды. Олардың тілін табу өзімізге тапсырылды. Бірінші күні мініп, дубль жасасақ, келесі күні сол ат түсірілім алаңына өзі іздеп келуі керек деген пәрмен берілді.
Түсірілім күні біткенше сол атты өзіме үйретумен болдым. Бір күні аттарға беретін су таусылды. Алматыдан алып жетеміз дегендер екі күнде бір-ақ жететін болды. Біз айдалада жүрміз.
Аттар шөлдеп, әлсіреп бара жатыр. Сол түні жақын маңнан түнде бір шелек су ұрлап әкеліп, атыма бердім. Қалған аттар көзі мөлдіреп қарап тұрды. Олардан қатты ыңғайсыздандым. Ертеңіне атымыз екеуміз бір дубльден түсіріп, сол күнді сәтті аяқтадық», — деп еске алады актер.
Актердің айтуынша ең қиыны аққулармен түсірілген кадр екен. Олармен ешкім тіл табыса алмапты. Күйші Нұрғиса Тілендиев қана аққулармен жақсы жұмыс істеген.
«Аққу құсының жаратылысы мен болмысы қазақ ұлтына келеді. Топ-топпен бөлініп алып, жүзіп жүреді. Қазақтардың руға бөлінгені сияқты. Басы бірікпей, әрқайсысы әр жақта жүзіп жүрді. Бізге бірігіп әрі камераға жақындап ұшқаны керек.
Бір кезде Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі қойылып еді, күйді естіген аққулар режиссер отырған жаққа қарай топ болып жүзіп келді. Сол көрініс сәтті шығып, кадрға ілінді. Күйдің құдіретін сол кезде түсіндім. Жалпы фильмнің сәтті шығуының жартысы – Нұрғисаның еңбегі.
Күндіз-түні бір тынбай музыка жазумен айналысты. Өз көзіммен көргенім, жаз мезгілі, ми қайнайтын ыстықта шатырдың ішіне кіріп алып, жалаңаш шешініп тастаған малдас құрып күй шығарып отыр екен. Қазіргі режиссерлер композиторына тастайды да кете береді ғой, ол түсірім алаңына келіп, кадрды көзімен көріп отырып музыка жазды.
Фильмде Жібек пен Төлегеннің оңаша қалатын кезі бар, сол кезде Жібек моншағын үзіп жібереді. Моншақ шашылып түскенде қозғалып ерекше дыбыс шығарды. Соны Нұрғиса көріп отырып, билеген моншақтарға қарап музыка жазды», — деп еске алады замандасын актер.