«Қалаға барсам, ауылды сағынамын»: Қой бағуды кәсіп еткен келіншек

Қазір әлеуметтік желіде түрлі жолмен танылып жатқандар жетіп артылады. Ал бүгінгі кейіпкеріміздің жөні бөлек. Олай дейтініміз, жайлауда құрт жайып, қыстауда қой баққан оның бейнежазбалары әлеуметтік желіде көп қаралым жинап қана қоймай, қала тұрғындарының ауыл өміріне қызығуына септігін тигізіп жатыр, деп turkystan.kz-ке сілтеме жасап «NewTimes.kz» ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: turkystan.kz

Әсел Серікбекқызы бүгінде Алматы облысы Кеген ауданына қарасты Тоғызбұлақ ауылында тұрады. Жолдасы екеуі ата кәсіп – мал шаруашылығымен айналысады. Төрт түлікті түлету жолын, оның қадір-қасиетін жақсы білетін шаруалар жаз жайлауда, қыс қыстауда жүріп мал жайын қамдайды. Өсіріп отырған балаларының да несібесін осы кәсіптен тауып отыр.

«Отбасы құрғанымызға он төрт жыл болып қалды. Жолдасым екеуіміз мал шаруашылығымен айналысамыз. Шамамен алты жүздей қой бар. Бауырларымыз да малын бізге қосқан, өздері қалада жұмыста. Арасында келіп көмектесіп тұрады. Ал көбіне жұмыстың бәрін жолдасым екеуміз атқарамыз. Жанымызда ешқандай жұмысшы жоқ. Негізі, істеймін деген адамға жұмыстың қиындығы жоқ. Өзім еш қиналып көрмеппін. Түсірген видеоларым бұлай көп қаралады, адамдар көңіл бөледі деп ойламаппын. Қой баққанда ішім пыспас үшін, уақыт өткізу үшін түсірген едім», — дейді Әсел.

Малдың жайын баққан білер. Кейіпкеріміз мал ауырып қалса, баласындай күтіп, ем-домын жасайтынын айтады. Оның үстіне, сапалы өнім алу үшін құнарлы азық керек. Оған да көңіл бөледі. Қойдан бөлек, сиырды да сауып, одан құрт, май жасайды.

«Ең бастысы төл алу ғой. Қақаған суыққа да қарамай қой бағамыз. Біз жақ қатты суық болады. Үйде отырмаймыз. Тұман, жел болсын, өріске шығарамыз. Аш қалмайды. Мал бағатын адам шыдамды, төзімді, сабырлы болуы керек. Қатты суық болып жатады. Мысалы, былтыр қаңтарда қатты аяз болды. Сонда да бағамыз. Оранып киініп шығамыз. Шөп шабамыз, оны өзіміз жинап қоямыз. Жылда бір мал сатып, шөбін сатып аламыз. Еңбек еткісі келген адамға ешқандай жұмыс қиындық тудырмайды. Кәсібім ұнайды, қиналып көрмеппін. Еңбек етсең, жемісін көресің. Адам ештеңеден қорықпауы керек деп ойлаймын. Айналып келгенде, бәрі ұрпағымыздың қамы үшін. Төрт балам ақылды, білімді азамат болып өссе, биіктен көрінсе деймін. Қазір ата-енем балаларға қарайласып, көмектеседі», — дейді кейіпкеріміз.

Қараша жайлауы –  Әсел Мамытбаеваның отбасы тұратын сүйікті мекен. Сұлу табиғатымен ерекшеленетін бұл жер малға да жайлы. Фотограф Ернар Алмабектің жайлауға барып, жай қайтпауы да бекер емес. Фотограф біз сөз етіп отырған Әсел Мамытбаеваның құрт жайып, даладағы қазаннан ас құйып жатқан сәтін видеоға түсіріп, оны «Жайлаудағы жеңеше» деп атаған.

Оның Қараша жайлауында түсірген ролигі көрген жанның көңілін жаулап, желіге лезде тарады. Кейіпкеріміз де бұл жер өзіне ерекше ыстық екенін айтады.«Жайлаудағы өмірім ұнайды.

«Орта меркі, шет меркі» деген ән бар ғой. Сол ән осы жерге арналған. Қалаға барсам, ауылды сағынамын, тез кеткім келіп тұрады. Қалада кейбір адамдарда мейірім аздай  қалады. Ал бұл жерде жаның тыныш, рахат. Таңғы алтыдан тұрып, түнгі он екіге дейін тынбай жүреміз. Қойды бағып, сиырымызды сауып, сүт тартамын. Май, құрт, кілегей жасаймын. Бірақ қатты шаршамайды екенбіз. Ауылда телефонсыз өмір сүресіз. Одан кейін табиғаттың өзі адамға демалыс сыйлайды. Таза ауада, табиғи өнім ішіп жүргеннен болар, жиі ауырмаймыз. Өзіме табиғат қатты ұнайды», — дейді Әсел Серікбекқызы.