Жаңа жылға санаулы күн қалды. Мейрам алдындағы қарбалас басталып та кеткен. Бірі туған-туысына сыйлық әзірлесе, енді бірі жаңажылдық кешке киетін сәнді киім іздеп әлек. Ал жаңажылдық корпоративтер қызықты өтуі үшін кейбір мекеме-ұйымдар эстрадалық жұлдыздарды шоу-бағдарламаға қатысуға алдын ала шақырады. Биыл эстрада жұлдыздарының гонорары қанша? Kazinform тілшісі ең қымбат әртіс кім екенін білді.
Эстрада жұлдызын жаңажылдық корпоративке екінің бірі шақыра бермейді, өйткені қалтасы көтермейді. Десек те, осындай кеште танымал әншінің әніне билеу үшін қанша қаражат керектігі қызықты.
Топтамамызды эстраданың корифейі Роза Рымбаевадан бастасақ. Әндерімен есімі әлемге танылған Роза Қуанышқызы, сондай-ақ киноға да түсті, ізбасарлар тәрбиелеп жүрген педагог, профессор және Қазақстанның алтын дауысы. Роза Рымбаеваның бір кеште ән айтқаны бүгінде 10 мың АҚШ доллары немесе 4,6 млн теңге шамасында тұрады. Ал егер басқа қалаға шақыратын болсаңыз, онда екі адамның жолын, тамағын, қонақ үйін де төлеуге тура келеді.
Мирас Жүгінісов. Дарынды жас орындаушының әндері соңғы кездері үздіктердің қатарынан түспей келеді. Махаббат, сезім туралы лирикалық туындылары тыңдаушыларының жоғары бағасын алды, кеште оның «Зымыран», «Роман», «Шыда» және т.б. әндерін тыңдау үшін 4,7 млн теңге төлеуге тура келеді. Қазақстандықтардың сүйікті әншісі Қайрат Нұртас «Кешір мені», «Екеуміз», «Сені сүйем», «Ана», «Жаным» және басқа да көптеген хит-әндердің орындаушысы. Ол 10 мың АҚШ долларына немесе 4,6 млн теңгеге ән айтуға дайын. Жұлдыздың барып-келу шығынын да шақырушы жақ көтереді.
Қазақстанда туған танымал рэп әртісі, битмейкер және продюсер Jah Khalib бүгінде шетелде танымал жұлдыз. «На своей волне», «ZNNKN», «Sunshine Lady», «Созвездие ангела», «Мелодия», «Лейла», «Медина», «Джадуа» тректері жастар арасында хит болды. Сондықтан сәйкесінше жұлдызды кешке шақыру үшін 60 мың АҚШ долларын немесе 27,4 млн теңге төлеу қажет.
Әнші Төреғали Төреәлі жаңа жылдық корпоративте 4,5 млн теңгеге өнер көрсетуге дайын. Ұшақ билеті, қонақ үйде тұруы мен тамақтануы бөлек төленуі керек. Ол сахнаға екі рет шығып, жалпы сегіз ән орындамақ.
Әнші және актер Айқын Төлепберген іс-шараларда 2 млн теңгеге ән айтады. Сондай-ақ, райдері бар және екі адамның жол, қонақ үй және басқа шығыны да шақырушы жақ есебінен болмақ.
Әнші, актриса, көптеген танымал әндердің орындаушысы Ерке Есмахан жақында ғана ана атанғанына қарамастан жаңажылдық корпоративте ән айтуға дайын. Жұлдызды кешке шақыру құны - 4 млн теңге.
«Ирина Кайратовна» жастар тобын фестивальдер мен ауқымды іс-шаралардан жиі көруге болады. Бұл топтың әндері ешкімді бейжай қалдырмайды. Ал әншілерді кешке шақыру 50 мың АҚШ доллары немесе 22,9 млн теңге шамасында тұрады. Бұл міндетті тұрмыстық және техникалық райдерді есептемегенде.
Біздің тізімдегі тағы бір жас әнші – Akha. Оның «Дура», «Январь», «Закрываю глаза», «Какая ты красивая» әндері бүгінде жастар арасында хитке айналған. Akha-ның жеңіл және жағымды музыкасы аға буынға да ұнайды. Оның кеште ән айту құны, райдерді есепке алмағанда – 3 млн теңге.
Жас рэпер Yenlik – жұлдызы енді жанған жас әртістердің бірі. Ол – өзінің «Dop», «Shukir», «Esep» хиттерінің авторы. Рэпер бір кеште ән айту үшін 3 млн теңге сұрайды, бұдан басқа райдері бар.