Қостанай облысында ауыл тұрғындары азық-түлік және нансыз қалды

Қостанай облысындағы Жамбыл ауылының тұрғындары жол нашар болғандықтан дүкенге жете алмай отыр. Тұрғындардың айтуынша, жүк көліктерінің кесірінен жол жүруге жарамай қалған. Ал мәселе жаздан бері шешілмей келеді дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: inbusiness.kz

Жол мәселесі бұрыннан ушығып тұрған соң тұрғындардың өздері демеуші тауып, жол жасатыпты. Сөздерінше, көктемде карьерден сары топырақ таситын жүк көліктері жүріп, жолды бұзып тастаған көрінеді. Халық әкімдікке шағымданғанымен, ештеңе шешілмеген, тіпті аудан әкіміне де арызданған. 

Ауыл жұрты шендінің мәселені шешіп беруге, жолды жөндеп, жүк көліктерінің жүруіне шектеу енгізуге уәде беріпті. 

«Жазда осылай айтқан, бірақ содан бері ештеңе істелген жоқ. Біз де Жаңа жылда балаларға сыйлық, үстелге қоятын азық-түлік алғымыз келеді ғой. 30 желтоқсанда Новотроицкке жету үшін жарты күн жүрдік, қашықтық 30 шақырым ғана. Жолды қар басып қалған, тракторыммен жол ашпақ болдым. Соңында трактордың күрегін сындырып алдым. Біз дүкенге жеткенше ол жерде азық-түлік те қалмапты. Тіпті нан да ала алмадым. Аудан әкімі хабарластық, арыз жаздық, әлі күнге дейін құрғақ уәде беріп келедім», – деді тұрғын Жамбыл Сейіткин.