Әнші Жазира Байырбекова әлеуметтік желіде қоғамдағы өзекті мәселені қозғады. Өнер иесі Instagram парақшасында көп жылдан кейін сәбилі болған әйелмен сырласқанын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
«Көп жылдан кейін балалы болған отбасының қуанышына бардым. Қонақтар күйеуіне рақмет айтып ,«Әйеліңді тумадың деп тастап кетпей, шыдадың» деп арқасынан қағып жатыр. Әйелінің жанарында мұң. Шыдай алмай, оңаша шақырып, әйелімен сырластым. Ұзақ уақыт бала болмағаны күйеуінің денсаулығына байланысты екен. Оны туған-туысы білмейтінін және өзінен көріп, талай сөз тигізгенін айтты. Неге? Ер адамның балалы болуға мүмкіндігі болмағанын, табыс таппайтынын, қол жұмсайтынын, мазасын алатынын және әйелінің тапқанын алып қоятынын неге қазақ әйелдері, қыздары жасырады? Бұл біздің қоғамның «Ерін сыйлайды» дегенінің жақсы жағы ма? Әлде әйелдің көңілі көк тиын дейтін жаман жағы ма?», — деп жазды Байырбекова.
Ал желі қолданушылары бұл тақырыптың өзекті екенін айтып, түрлі пікір қалдырды.
«Ер адам әйелін қорғай алмаса, солай болады», «Қазақтың әйелі мықты ғой», «Қашан да сөз бірінші әйелге тиеді», «Әйелдің көңілі көк тиын» дегені ғой», «Санамызға құйып қойған. Сол үшін көп нәрсеге шыдаймыз», — деп жазды желідегілер.