Көкшетаудағы балабақшада ата-аналар тәрбиешіге қатысты шу шығарды. Олар бейнекамерасы жоқ бөлмеде жазаланатын кішкентай балалардың шағымын дәлелдей алмай келеді екен. Ата-аналардың сөзінше, одан қалды тәрбиеші баланың кереуетіне жатып, арнайы маман шақырып, шугаринг жасатқан, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.
Көкшетаудан жеті шақырым жердегі "Бірлік" шағынауданында жаңа балабақша ашылғанда ата-аналардың қуанышында шек болмаған. Қазір мектепке дейінгі мекемеге 100-ге тарта бала барып жүр. Бірақ, ата-аналардың сөзінше, «Балапан» тобының тәрбиешісі балақайларды өз бетінше жазалайды екен. Бір емес, бірнеше ата-ана балалары шағымданып келетінін, тіпті екі тәрбиешінің бірі жұмыс істегенде "бармаймынға" салып жылайтынын айтып отыр. Ал мекеменің басшыларына бұл шындықты айтып жеткізе алмаған.
«Апайы қызымның құлағын аямай бұрапты. «Құлағым, құлағым» деп жылады. «Гуля апай былай бұрады» деп көрсетті. Барып өзімен сөйлесіп едім, қызыма «Медина, өтірік айтпа» деп ұрысты. «Қызым бармаймын» деп жылайды. Арай апайына қуана барады. Дәретхана жақта камера жоқ. Бейнетаспаны алып қарап едік, бір сағат баланы отырғызып қойып, бала тұрса, қайтадан тарс еткізіп отырғызғанын көрдік», — дейді қала тұрғыны Гүлжан Қабықова.
Бұл мәселеге білім бөлімі өкілдері пікір білдірді.
«Жалпы бұл тәрбиеші 13 жыл еңбек өтілі бар педагог, эксперт. Осындай жағдайды білгеннен кейін комиссия барып тексердік. Ұсыныс жасадық, бұл кісіні жұмыстан шығару туралы. Қазіргі жағдай бойынша жұмыстан шығару мәселесі көтерілген кезде ол кісі қайта-қайта ауырып жұмыста блмай жатыр», — деді Көкшетау білім бөлімінің бас маманы Раиса Жанғалиева.
Ал ата-аналар шағымданған тәрбиеші айтылғанның "бәрі жалған" екенін жеткізген.
«Балаларды ұратыным - өтірік. Балаларға ешкім, ешқашан да қол көтерген емес. Ол жерде ешқандай шугаринг жасалған емес. Қызмет тексеруі болған. Оған менің хирургтан анықтамам бар. Табанымда жарақат болған, екі табанымда. Ол кісі мені емдеген, бинтпен таңып», — дейді тәрбиеші Гүлнәр Қапалбаева.
Телеарна мәліметінше, жара таңуға келген маманның қолында тырнақ тазалайтын құрал бар екен. Ал тәрбиеші ауруханадан шықпайынша, оған ешкім, ешқандай жаза қолдана алмайды.