Отандық танымал блогер Айшолпан Байтүгел қоғамдағы қыз рөліне қатысты жанайқайын айтты. Ол журналист Асхат Садырбайдың Youtube желісіндегі парақшасына берген сұқбатында не себепті тұрмысқа шықпай жүргенін де түсіндірді, деп хабарлайды kaz.nur.kz.
Өз сөзінде блогер осыған дейін жауапсыз махаббаты бастан кешкенін, ал қазір тұрмысқа шығуға дайын емес екенін жеткізді.
«Жауапсыз махаббат болды. Мен сол үшін тұрмысқа шыққым келмейді. Себебі өзім үйдегі «бунт» жасайтын бала болдым. Қазір де жағдайымды жасап, саналы түрде ана атануға дайын болғанда ғана дүниеге бала әкелгім келеді. Биыл 29 жасқа толамын. Қазір туыстарымнан қысым көп. Бәрі тұрмысқа шығу керек екенін айтады. Ал «мен солай істеу керек» деп тұрмысқа шыға салғым келмейді. Дәл осы қисынсыз сұрақты қоятын жандарға да таңғаламын. Тұрмысқа шықпасам, демек мен әлі мұндай жағдайға жетпедім немесе болашақта мені ілестіріп алып кететін, ойымыз бір жерден тоғысып, саналы ұрпақ алып келетін адамды кездестірген жоқпын. Кез келген адам - индивид. Ешкім ешкімге міндетті емес», — дейді ол.
Айшолпан қазіргі қоғамда қызға артылатын жүктің көп екенін де атап өтті.
«Менің әпкем де тұрмысқа шықпаған. Жасы 35-те. Бізде қазақта ер балаға қарағанда қызға көп жүк артады. Сондықтан заманды өзгертіп, сол жүкті ер адамдарға арту керек деп ойлаймын. Көп заманда «Қыздар бұзылды, қызды қырық үйден тыю керек» деді ғой. Осының бәрі сөзіме дәлел. Расында «рахатты қыздан көресің» дейді де, ер балаға жағдай жасайды. Сосын ол қыз кетеді, жұмыс істейді, жағдайын жасайды, жолында неше түрлі санасыз еркектер кездеседі. Ақырында тығырыққа тіреледі. Сол үшін қызды «ешкім сені ренжітуге хақы жоқ, әке-шешең артыңда бар» деп өсіру керек сияқты», — дейді Айшолпан Байтүгел.