Интимдік гимнастика жаттықтырушысы Асылгүл Жаңабайқызының айтуынша, әйел адамға әр қиындық өзін тәрбиелеу үшін келеді. Маман ретінде өзінің ақыл-кеңестерімен Youtube арнасындағы «Шындық пен ақиқат» подкастында бөлісті, деп хабарлайды ИА «NewTimes.kz».
Бағдарлама аясында бірқатар маңызды, қоғамдағы өзекті тақырыптар көтерілді. Бүгінгі таңда жаттықтырушы өз орталығында әйелдердің өзгеруіне, өзімен жұмыс жасауына көмектескен. Бала сүюді армандаған келіншектердің арасында жаттығулардан кейін сәби көтергендері де бар. Маманның пікірінше, көп жағдайда күйеуінің сатқындығына жұбайы өзі кінәлі.
«Ойлану керек, бұл сабақ маған не үшін келді? Күйеуіңнің көзіңе шөп салуы да сынақтардың бірі. Әрине, еркек адамның нәпсіқұмарлығын жоққа шығармаймын. Бірақ көп жағдайда әйелдің өзі тікелей кінәлі болады. Себебі өзіне «жәбірленуші» позициясын ұстанған ұтымдырақ. Күйеуін алғашқы орынға қойып, Аллахтың разылығын ұмытады», - деп Асылгүл Жаңабайқызы өз ойын ортаға салды.
Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі, еркектің сатқындығы, жатыр мәселесі кеңінен талқыланды. Еркектің көзге шөп салуы өзгерісті талап ететін әйелдерде жиі кездесетіні де айтылды. Маманның тәжірибесінде осы сынды жағдайдан кейін өз денсаулығын, сырт келбетін қолға алған әйелдер де кездескен.
Асылгүл Жаңабайқызы отбасындағы ене мен келін арасындағы мәселе жайлы да сөз қозғап, пікір білдірді.
«Енемнің ауыр сөйлегені маған ауыр тиіп жатыр ма? Демек мен өзгеруім керек. Мен ғой қатты қабылдап жатқан. Үйде, қарым-қатынаста немесе жұмыста көңілім бірдеңеге толмаса, ол маған ұнап жатқан жоқ. Мен өзіммен жұмыс жасауым керек», - деді маман.
Сұхбат барысында жаттықтырушы өз тұжырымдарын өзіне жүгінген келіншектердің өмірлік тәжірибедегі мысалдарымен нақтылап отырды. Әр істе, мәселеде ниетті дұрыс қоюдың маңыздылығына да тоқталды. Бағдарлама жүргізушісі «ұлы сөзде — ұят жоқ» дей келе, төсектегі қарым-қатынас жайлы да сұрақ қойды.
«Әйел адамның төсекте қанағаттанбауы өзінен. Көп әйел ләззат ала алмайды. Бұлшықеттері әлсіз болады. Іште қарсылық көп. Психологиясында, нәпсісінде күйеуін қабылдамауы да бар. Кезінде бір айтқан сөзі, не болмаса сатқындығы бұлшықет жадында қалады. Оны көбі біле бермейді. Сондықтан өзі еркін бола алмайды», - деп жауап берді.
Бағдарламаны Асылгүл Жаңабайқызы әйел адамның өзін-өзі бағалауы жайлы ойларымен түйіндеді. Оның пікірінше, бағалау, басқалармен салыстыру әйелді тұлға ретінде түбегейлі қиратады. Өзгерістер осы тұрғыда да қажет екенін атап өтті.
«Интернеттен блогерлерді қараймыз. Неге олар күшті үй алып жатыр. Мен неге жатырмын. Анау менен әдемі деп өзін салыстыра береді. Біз өз кезегімізде «өзін-өзі бағалау» сөзін «өз құндылығыңды білу» деп ауыстыру керекпіз. Әйел өзінің құнды екенін білу қажет. Осы өмірге келдіңіз бе, сіз құндысыз. Осыны білген адамда іштей қарсылық болмайды», - деді Асылгүл Жаңабайқызы.
Әлеуметтік желідегі көрермендерінің пікірі екіге бөлінді. Оқырмандардың бірі қолдаса, кейбірі мүлдем келіспейтінін ашып жазған.
«Ер адамға жауапкершілік қалдырмадыңыз ғой», «Өте әдемі, нәпсімді сындырған подкаст болды», «Мына әйел әйелдердің жауы ма дерсің?» - дейді желі қолданушылары