Әлеуметтік желіде «Rainman» деген атпен танымал Алтай Айнабек жасанды жаңбыр жаудыру технологиясы арқылы Арал теңізін қайта қалпына келтірмекші, деп хабарлайды ИА «NewTimes.kz».
Алтай Айнабек жасанды жаңбыр жаудыру технологиясының авторы. Қазақстандық ғалымды желі қолданушылары «Жаңбыр адамы» деп те атап кеткен.
Арал теңізінің экологиялық жағдайы мүшкіл. «Аралды қайта қалпына келтіру» жобасын бастағанына бір айға ғана жуық уақыт өтсе де, көрсеткіштер жақсы.
Алтай Айнабек Central Asian Center of Climate Change Technologies басшысы. Өзінің авторлық «Clear Sky Manager new generation» әдісін Арал теңізінде қолдануда. Естеріңізге сала кетсек, дәл осы технология Маңғыстау облысында қуаңшылық кезінде пайдаланылған.
«Clear Sky Manager new generation. Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген қазақ бауырларыңыз басшылық ететін «International Center of Climate Change Technologies» компаниясының уникалдық климат басқару жүйесінің негізгі бөлігі - мұхиттан атмосфералық ылғал тарта алатын қондырғылары», – деп Алтай Айнабек өз парақшасында жазған.
Ғалым өзінің әлеуметтік парақшасында оқырмандарын жұмыс барысымен күнделікті таныстырып, барынша түсініктеме беруге тырысады. Арнайы технологиялар арқылы бұлттарды тартып, жаңбыр жауғызады.
«Айтқым келгені, биыл 18 маусымнан климат өзгерту жұмыстарын бастағалы бері, Әмудария мен Сырдарияға су беретін мемлекеттердің су қоймаларында су деңгейі қатты көтерілуде. Жер асты суларының деңгейі де өсуде», – дейді ғалым.
Қызылорда және еліміздің басқа өңірлерінде жаңбыр толассыз жаууда. Халық ауа-райының күрт өзгеруін Алтайдың технологиясымен байланыстырған. Ғалымның өзі де жаңбыр әлі локализациялау деңгейіне өтпегенін жазды.
«Жұмыстар басталар алдын мен парақшамда ескерткендей, периферияда да жауын болады, өйткені, жауынды Арал теңізінің үстіне локализациялау кезеңіне өткен жоқпыз. Ол кезде нәтижелер, бұйырса тіпті керемет болайын деп тұр. Біздің жағдайда, периферия деген Аралға су беретін Сырдария мен Әмудария өзендері, және басқа аймақтар. Жер асты су деңгейі де артуда. Көрші елдер бұрынғыдай Аралға суды қысып беруге мүмкіндігі де болмай отыр. Яғни, амалсыз суды Аралға қайтаруда, барлығына су жетіп, артылып жатыр», – деп жазған.
Ғалымның айтуынша, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі әр кезеңнің уақыт аралығын белгілеген. Келесі кезеңге өту үшін Алтай ресми хат жіберген. Екі күн бұрын ғалым өз парақшасында Арал теңізінде су деңгейі көтерілгені туралы министрліктің ресми мәлімдемесі жайлы жазып, әзірге биліктен қолдау таппағанына өз өкпесін де білдірді.
«Кешегі Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі ресми «су көбейді» дегені кәдімгідей рухтандырды! Мақұл, біз туралы ештеңе айтпады, мәселе жоқ. Бастысы – халық қолдауда, Президент қолдайды деп сенеміз», – дейді ол.
Алтай Айнабек әлі талай жұмыс атқару керектігін де жазды. Процесс те өте ұзақ. Бүгінде ғалымды тек халықтың қолдауы ғана алға жетелеуде. Қазақстандықтардың пікірі екіге бөлінді. Әлеуметтік желіде оның технологиясын жоққа шығарып, табиғат заңдылығына қарсы шығу деп тұжырымдайтындар да бар.
«Осыншалықты қиын боларын білдім ба екен?» – деген пікірін ғалым күні кеше ғана жариялаған.