Nomad Fighting турнирінде жерлесіміз Ернат Түгелбеков ресейлік Кирилл Самброспен жекпе-жекке шықты. Қазақстандық Ернат өз жеңісін үш сағат бұрын өмірден озған анасына арнады, деп хабарлайды ИА «NewTimes.kz».
Ернат Түгелбеков «Балқаш жолбарысы» деген атпен жекпе-жектерде жеңіске жетіп келеді. Кезекті кездесу қазақстандық файтер үшін өте ауыр болды. Анасының қайтыс болғанын біле тұра, қаражат керек болған соң ринг алаңына келген.
«Қарсыласыма алғысымды білдіргім келеді. Өз кезегімде осы жеңісімді өзімнің анама арнаймын. Үш сағат бұрын суық хабар келді. Таңертең анашым қайтыс болды. Жаның жәннатта болсын. Ақша керек болған соң ғана осында келдім. Анам қатерлі ісікке шалдыққан. 7 жыл бойы ауырды, қатты қиналды. Анашым, сізді осы аурудан жазылған соң, Меккеге, Дубайға апарамын деп жоспарлағанмын. Қыдыртамын деп жүр едім», – деп Ернат Түгелбеков көзіне жас алды.