Елімізде қордаланған әлеуметтік мәселелер жетерлік. Қарапайым халықтың көкейінде баспана, жәрдемақы, зейнетақы, көпбалалы аналар, тегін дәрі-дәрмек алу, жер алуға қатысты сұрақ көп. Ал тележүргізуші Гүлнәзия Жалғасқызы болса, халықтың басын ауыртатын сұрақтарына жауап тауып, әлеуметтік мәселелерді көтеру арқылы көпшіліктің алғысына бөленіп жүр. Танымал тележүргізушімен Skifnews.kz ақпарат порталының тілшісі сұхбаттасып қайтты.
– Гүлнәзия Жалғасқызы, сізді көрермен тележүргізуші ретінде танығанымен, өзіңіз туралы көпшілік біле бермейді. Алдымен, өскен ортаңыз, біліміңіз туралы айтсаңыз!
– Шымкент қаласында туып-өстім. Шымкенттегі Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінде оқыдым. Бала кезден гуманитарлық салаға жақын болдым. Мектеп қабырғасында жүргенде шешендік өнерге қызықтым, облыстық, республикалық түрлі байқауларға қатыстым. Балалық шақтан әдеби кітаптарды көп оқыдым. Себебі нағашы әжем әдебиетке, өнерге жақын адам болды. Көркем сөз оқуға, шешендік өнерге қызығушылығым сол нағашы Раушан әжемнен келдім ме деп ойлаймын. Енді сәйкесінше, бала кезімнен теледидардағы сол кездің жұлдыздары Дана Нұржігіт, Жайна Сламбек, Айгүл Мүкей секілді мықты-мықты тұлғаларға еліктедім. Ол кісілер мен үшін өте құрметті, қадірлі телевизия саласының нағыз майталманы. Сөйтіп, бала арманым Алматыға жетелеп, 2004 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне журналистика факультетіне оқуға түстім. Ал екінші курсты аяқтап, үшінші курсқа аяқ басқан кезде КТК телеарнасында штаттан тыс тілші болып жұмыс істей бастадым. Ол кезде мен үшін микрофон ұстаудың өзі арман болатын.
Фото: Гүлнәзия Жалғасқызының жеке мұрағатынан
Есімде, алғаш рет Арбатқа шығып, блиц алғанда анама хабарласып: «Мама, білесің бе? Мен бүгін микрофон ұстап, сұхбат алдым» деп қатты қуанғанмын. Сол сәттен бастап әр өңірдің проблемасын, адамдардың тағдырын, вундиркенд балалардың өмірін зерттей бастадым. Мұның бәрі мені әлеуметтік мәселелерді телеарна арқылы көпшілікке жеткізуге, айтуға, камера алдында қысылмай еркін сөйлеуге бейімдеді.
– Қазіргі жас журналистердің көбі тезірек танымал болу үшін әншілермен сұхбаттасуға, ток-шоуларды жүргізуге тырысады. Ал сіз неліктен әлеуметтік бағдарламаларды жүргізуге бел будыңыз?
– Дұрыс айтасыз. Өзім бала кезден еңбек етіп, журналистика саласына студенттік шақтан араласуым, өңірлердегі халықтың жағдайын, оларды толғандырған мәселелерге жауап іздей бастауым мені осы әлеуметтік бағдарламаларды жүргізуге алып келді деп ойлаймын. Бірақ кейіннен тұрмысқа шығып, балалы болып, журналистика саласынан біраз уақыт қол үзіп қалдым. Дегенмен, кейінірек Еуразия бірінші арнасына қызметке келіп, әлеуметтік мәселелерді қайта зертеуді, бағдарлама жүргізуді қолға алдым. Біртіндеп халық та мәселесін айтып қайта-қайта хабарласа бастады. Мәжіліске барып, әр депутаттың, әр министрдің соңынан жүгіріп жүріп, «Basty Prime» деген бағдарлама арқылы пандемия уақытында эфирге шығып жүрдім. Өзіңіз білесіз, мемлекет ковид кезінде 42500 теңгеден халыққа ақша тағайындай бастады. Сол кезде бұл жаңалықты эфирден айттым. Артынша инстаграмға жай ғана пост ретінде «Мемлекет жұмысынан айырылғандарға 42500 теңгеден төлейді» деп ресми ақпаратты жариялай салдым. Содан кейін халықтан «Оны қалай аламыз? Қалай рәсімдейміз? Қандай құжат өткіземіз?» деген секілді сұрақтар келе бастады. Яғни, пандемия кезінде халыққа әлеуметтік мәселелер бойынша ақпараттар қызық екенін біліп, жеке парақшамды белсенді жүргіземін деп шештім. Сөйтіп, соңғы 4-5 жылдың ішінде мемлекет басшысының тікелей бастамасымен іске асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламаларды тереңірек қазып оқып, зерттеп, халыққа жеткізіп жүрмін. Мәселен, әлеуметтік кодекс, түрлі заңдар, ол қалай іске асады т.б осының бәрін көз майымды тауысып оқыдым. Осы салаға тікелей жауапты бірінші басшылардың ізінен қалмай сұхбат алып, бағдарламаға шақырып, әлеуметтік төлемдерді алу жолдарын халыққа түсінікті тілде түсіндіріп келемін. Жалпы, әлеуметтік мәселелерді телеарналарда көтеру арқылы халықтың алғысын алып жүрмін. Осы уақытқа дейін қаншама ақ жаулықты аналар мен ақсақалды кісілерден, зейнеткерлерден көп бата алдым. Халықтың батасы маған әрі қарай да жұмыс істеуге, көпшіліктің мәселесін шешіп беру үшін еңбек етуге мотивация береді. Негізінен шалғай ауылдарда, аудандарда тұратын аналарымыз, зейнеткерлеріміз кейде Үкімет қабылдаған әлеуметтік шешімдерді, заң жобасын естімей қалып жатады. Мен білмей немесе түсінбей қалған адамдарға қарапайым, түсінікті тілде жеткізуге тырысамын.
Фото: Гүлнәзия Жалғасқызының жеке мұрағатынан
– Әлеуметтік мәселелерді айта жүріп, қандай оқиға ерекше есте қалды?
Бірде Семей қаласынан зейнеткер апаның қызы хабарласты. «Гүлнәзия, мемлекет тарапынан берілетін тегін дәріне ала алмай жатырмыз» деді. «Неге?» десем, мүгедектігі бар зейнеткер апаның қызы емханаға барса, «тегін дәрі жоқ» деген. Содан мен «СК Фармацияға», жергілікті тиісті органдарға хабарластым. Осы мәселенің түбіне жету үшін жан-жаққа қоңырау шалғанымда қолда бар тегін дәріні зейнеткер кісіге бермей отырғаны анықталды. Нәтижесінде зейнеткер кісі өзіне Үкімет тарапынан берілуге тиісті дәріні алды. Одан қалды көпбалалы анаға баласы үшке толғанша «Алтын алқа» тағайындалмағаны туралы факті тіркелді. Негізі «Алтын алқа» бала дүние келген соң автоматты түрде небәрі бір жылдың ішінде тағайындалуы керек. Көпбалалы әйел де баласы үшке толғанша «Алтын алқа» алмағанын айтып, маған жүгінді. Біз тікелей министрлікке хабарласып, ол кісіге көмектестік. Сол кезде жергілікті әкімдіктен, базадан қателік кеткені анықталды. Жалпы, күнделікті халықтан алғыс естіп жүрмін. Көбіне «Сіздің арқаңызда жәрдемақымды алдым, рақмет» деп жиі жазады.
Фото: Гүлнәзия Жалғасқызының жеке мұрағатынан
– Сізге халық көбіне қандай мәселесі бойынша жүгінеді?
Дәл қазір пәтерақы субсидиясы бойынша сұрақ көп. «Неліктен пәтерақы субсидиясы кешіктіріліп жатыр? Неге ақша түспеді?» дейді. Мәселен, Түркістан, Қызылорда облысының тұрғындарынан осындай сұрақ көп келуде. Біз әкімдікке, министрлікке, Отбасы банкке сауал жолдадық. Иә, олар түрлі жауап айтады. Себебін түсіндіреді, алайда, халық тұрып жатқан үйінен қуылып, қашан ақша түседі деп қиналып отыр. Жалпы, әлеуметтік мәселе көп. Мұндай проблемаларды әрі қарай да көтере беру үшін бүгінде «Хабар» арнасында «Әлеумет» жобасын жүргізіп жүрмін. Бағдарлама әр дүйсенбінің кешінде сағат 19:00-де эфирден көрсетіледі.
– Біздің елде баспанадан бөлек, ең өзекті әлеуметтік мәселе не деп ойлайсыз?
Ең басты – ана мен бала проблемасы деп ойлаймын. Оның ішінде, жалғызбасты аналардың жағдайы көбіне шетте қалып жатады. Әрине, екі жақты мәселе бар. Ол біріншіден, әркімнің өзінің шешімі, өзінің тағдыры дегендей, мәселесін өз шешеді. Бірақ күні кеше ғана тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң шықты. Бірақ заңда жалғызбасты аналардың мәселесі қарастырылмаған. Заңда «Асыраушысынан айырылған» деп белгіленген. Ендігі ойым, алдағы уақытта үй мәселесіне келгенде Үкімет жалғызбасты аналарға да мемлекет тарапынан үй алуға мүмкіндік беруді қарастыра екен деймін. Мысалы, жұмыс істегенде немесе баспана алған кезде қандай да бір болсын жеңілдіктер қарастырса, ескерсе ғой.
– Бұл халықты масылдыққа, жалқау болуға үйретпей ме?
Жоқ. Бұл жағынан дұрыс айтып отырсыз. Мемлекет басшысының өзі «халықты масылдыққа үйретпеуіміз керек, бізге бұл мәселені жою керек» деп айтты. Бірақ шын мәнінде, «баламды өзім асыраймын» деп төрт баласымен қиналса да мемлекеттен ешқандай көмек алмай отырған отбасыларды ескеру қажет. Қаншама баланы жалғыз өзі асырап жүрген аналар бар. Тіпті төрт баласымен отбасылық, материалдық жағдайға байланысты ажырасқандардың жағдайын ойлау керек қой. Оның ішінде өзім де бармын. Мен де ажырасқанмын, үш баламды жалғыз өзім асырап отырмын, мемлекеттен ешқандай көмек алған жоқпын.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет! Халықтан алғыс естіп жүре беріңіз!