БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы маңызды тезистерге қатысты өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды ИА «NewTimes.kz».
Жолдау — еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды құжат.
Жолдаудың ерекшелігі — цифрландыру, жасанды интеллект және ауыл шаруашылығын терең жаңғыртуға ерекше назар аударылуы. Бұл — Қазақстанның болашағына стратегиялық тұрғыдан жасалған батыл қадам.
Жолдауда көтерілген басты мәселелер ел дамуының жаңа кезеңін айқындап отыр. Әсіресе, экономиканың әр саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу туралы бастамалар — заманауи талаптарға сай, уақытылы әрі өте өзекті шешімдер.
Бұл — еңбек өнімділігін арттырып, мемлекеттік басқару тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінуі — қуантарлық жағдай.
Президент атап өткендей, бұл салаға бұрын-соңды болмаған қаржылай қолдау көрсетілуде.
Алайда, бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуы — басты мәселе болып отыр. Аграрлық саладағы реформалар тек қаржыландырумен шектелмей, жүйелі жоспарлауды, нақты нәтижеге бағытталған іс-шараларды қажет етеді.
Біздің облысқа қатысты қойылған міндеттер де айрықша жауапкершілікті талап етеді. Мал шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі — өңірлік экономиканың негізі.
Министрлік пен жергілікті атқарушы органдар бұл бағытта нақты және тиімді қадамдар жасауы тиіс. Ет өндірісін ұлғайтып, ішкі нарықты қамтамасыз ету — бұл тек экономикалық емес, әлеуметтік тұрақтылықтың да кепілі.
Облыс аумағында дамыған инфрақұрылымы бар 16 бордақылау алаңы жұмыс істейді.
Бұл алаңдардың бір мезеттегі жалпы сыйымдылығы — 45,6 мың басты құрайды. 2024 жылы облыс тауарөндірушілерімен 30 мыңнан астам бұқашықты бордақылау алаңдарына тапсырған. Қазіргі таңда 6,2 мың бас бұқашық бордақылануда.
Облыс бойынша қазіргі кезде 25 бейімделген және 3 өндірістік сүт-тауарлы фермалары, сондай ақ 6 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері жұмыс істеуде.
Күні бүгінге олармен тәулігіне 30,8 мың литр сүт өндіріліп, өңдеу кәсіпорындарына тапсырылуда, кейбіреулерімен сүт, қаймақ, май, ірімшік, айран түрінде халыққа саттыққа шығарылуда.
Сондай-ақ, аграрлық ғылымды дамыту мен оны өндіріспен байланыстыру қажеттігі орынды көтерілді. Ғылым мен тәжірибе арасындағы алшақтықты жоймай, ауыл шаруашылығын ұзақ мерзімді және сапалы дамыту мүмкін емес.
Агробілім беру саласын жаңғырту, жас мамандарды тарту — осы саланың болашағын айқындайтын негізгі факторлар.
Президенттің ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, логистика, экспорт және маркетинг бағыттарындағы нақты тапсырмалары — Қазақстанның әлемдік аграрлық нарықта беделін арттыратын маңызды шаралар.
Әр өңір өз ерекшелігіне сай агроөнеркәсіп кешенін дамытып, кооперация және кластерлік жүйелерді жетілдіру қажет.
Қорыта айтқанда, Жолдауда қойылған міндеттер — еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін түбегейлі жаңғыртудың жол картасы. Бұл бағыттағы жұмыстар нақты, жүйелі және нәтижеге бағытталған болуы тиіс.
Мемлекет басшысының сенімі мен тапсырмасын ақтау — баршамыздың ортақ міндетіміз.