БҚО Қытаймен әріптестікті күшейтті: жалпы құны 134 млрд теңге болатын 14 меморандумға қол қойды

Батыс Қазақстан облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы іскерлік байланыс жаңа деңгейге көтерілді, деп хабарлайды БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақжайық өңірінен барған делегация үш күндік іссапар барысында жалпы құны 134 млрд теңгені құрайтын 14 ірі инвестициялық жобаны қамтитын меморандумдарға қол қойды.

Бұл келісімдер — екіжақты серіктестіктің нақты нәтижесі ғана емес, ел Президентінің Жолдауында жүктелген тапсырмалардың тікелей орындалуы.

Сапар барысында делегация мүшелері Қытайдың Бейжің және Нанкин қалаларында болып, әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялармен келіссөздер жүргізді.

Қол қойылған меморандумдар аясында өндіріс, сауда, жасыл энергетика, медицина, білім және логистика салаларында бірлескен жобалар жүзеге асады. Атап айтқанда, алғашқы екі зауыттың қондырғылары Қазақстанға жөнелтіліп, құрылыс жұмыстары алдағы күндері басталады.

Инвестициялық серпіліс: нақты жобалар басталады

БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, 14 жоба түгелдей облыстың индустриялық аймағында жүзеге асады. Бұл өңдеу өнеркәсібін дамытуға тың серпін береді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әсіресе өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуға баса назар аударып келеміз. Қытайлық әріптестермен осы жобалардың іске асуын жеделдету бағытында нақты мәселелерді талқыладық», — деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, сапар барысында Орал қаласында жаңа жылу электр станциясын салу мәселесі бойынша келісім жасалды.

Жобаны Қытай тарапы толықтай өз қаражатына жүзеге асыруға ниетті. Қазіргі уақытта зерделеу жұмыстары жүргізілмек.

Білім мен кадр — басымдықта

Инвестициялық жобалармен қатар, жұмыс күші мен кадр даярлау мәселесі де басты назарда.

Қытайлық инвесторлар өндіріс орындары үшін заманауи технологияны меңгерген жергілікті мамандардың қажет екенін алға тартты.

Осыған орай тараптар бірлескен қазақ-қытай білім беру бағдарламасын іске асыруға уағдаласты.

«Бүгінде жаңа технологиялармен жабдықталған өндірістер үшін білікті кадр қажет. Осы мақсатта жергілікті жастарды оқытып, қажетті қаражатты қытайлық компаниялар өз мойнына алуға дайын», — деді Нариман Төреғалиев.

Жаңа логистикалық хаб және сауда өкілдігі

Келіссөздер кезінде облыс аумағында құны 17 млрд теңгеге бағаланатын логистикалық хаб салу ұсынысы қаралды.

Жоба транзиттік жүк тасымалын қамтамасыз етуге және көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар, Бейжің қаласында Батыс Қазақстан облысының «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының екінші инвестициялық және сауда өкілдігі ашылды.

Бұл өкілдік аймақ пен Қытай арасындағы бизнес-байланыстарды нығайтып, тікелей серіктестікке жол ашады.

Ірі серіктестер қатарында — Beijing Jinyi Yuanfang холдингі

Бейжіңдегі келіссөздер барысында құрамында 22 холдингтік және 7 еншілес компаниясы бар, жылдық табысы 4,5 млрд юаньнан асатын Beijing Jinyi Yuanfang холдингімен де стратегиялық әріптестік орнатылды.

Холдинг облысқа бірқатар сала бойынша — өндірістен бастап, медицина мен білімге дейін — инвестиция құюға дайын екенін мәлімдеді.

Батыс Қазақстан облысының Қытаймен орнатқан жаңа келісімдері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қоспақ.

Бұл — тек құжат жүзіндегі жоспарлар емес, нақты инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға, заманауи өндіріс орындарын іске қосуға бағытталған үлкен қадам.

Енді жобалардың тиімді әрі уақтылы орындалуы — басты міндет.

В статье: