Атырау облысында 15 медициналық нысанның құрылысы аяқталды

Атырау облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 6 фельдшерлік-акушерлік пункт және бір дәрігерлік амбулатория мен 11 медициналық пункт салу жоспарланған, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Фото: пресс-служба акимата Атырауской области

Олардың ішінде 2023 жылы 2 медициналық пункт және 1 ФАП пайдалануға берілді. 2024 жылдың желтоқсанында Индер ауданының Есбол ауылына дәрігерлік амбулатория, Исатай ауданы Жасқайрат ауылына және Құрманғазы ауданындағы Азғыр, Жасталап, Батырбек, Қоңыртерек, Афанасьева ауылдарына медициналық пункт, сондай-ақ Кудряшов пен Арна ауылына ФАП салынды.

Қазыр Құрманғазы ауданының Жалғызапан, Жамбыл және Әліпова ауылындағы нысандарды теңгерімге беру жұмыстары жүргізілуде.

«Ұлттық жоба аясында жоспарланған 18 нысанның 15-і толық аяқталды. Қалған үш нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылындағы ФАП 85% дайын ал, Қызылқоға ауданындағы Жамансор және Жантерек ауылдарындағы медициналық пункттердің құрылысы 50%-ға орындалды», — деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайнов.