Атырауда жасөспірімдер қауіпсіздігі үшін полиция мен әкелер патрульге шықты

Атырау қаласында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері мен белсенді әкелерден құралған ерекше патрульдік топ жұмыс істеуде.

Фото: Атырау облысының полиция департаменті

Атырау облысының білім басқармасы мен полиция департаменті бірлескен бастама — қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға, жастардың тәртіп бұзу жағдайларын азайтуға бағытталған маңызды қадам.

Атыраудың белсенді әкелері «ұлт болашағы мен бала қауіпсіздігі — бүгінгі заң мен тәртіптен басталады» деген ұстаныммен тәртіп сақшыларымен бірге түнгі рейдтерге қатысып жүр.

Жыл басынан бері түнгі уақытта ата-ана қарауынсыз жүрген 5000-нан астам жасөспірім анықталған.

Бұл көрсеткіш кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін бақылау шараларын күшейтудің өзектілігін айқын көрсетеді.

Түнгі рейд барысында полиция қызметкерлері мен әкелер түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдерге заң талаптарын түсіндіріп, мұндай жағдайлардың қауіптілігі мен жауапкершілігі туралы ескертті.

Сонымен қатар, топ мүшелері жасөспірімдер жиі баратын ойын-сауық орталықтары мен ойын клубтарына арнайы барып, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Мұндай профилактикалық шаралар кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылыққа баруына тосқауыл қоюға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға арналған бұл бастама алдағы уақытта да жалғаспақ.