Атырауда «Таза Қазақстан» жобасы қорытындыланды

Атырауда «Таза Қазақстан: табиғатқа тағзым — үздіктерге құрмет» қорытынды іс-шарасы өтті «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын қорытындылау салтанатында экологиялық мәдениетті дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға және табиғатты ұқыпты пайдалануға үлес қосқан үздік мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар және белсенді азаматтар марапатталды.

Фото: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Биыл тұжырымдама аясында өңірде аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, заңсыз қоқыс орындарын жою, өзен-көл маңын тазарту және экологиялық ағарту бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілді.

Бұл бастамалар Атырау облысының экологиялық ахуалын жақсартуға айтарлықтай үлес қосты, — деді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбарасы Зарина Төребаева.

Қорытынды жиын барысында жылдық нәтижелер таныстырылып, «Таза Қазақстан» идеясын насихаттауда белсенділік көрсеткен азаматтар мен ұйымдар марапатталды.

Сондай-ақ жасыл кеңістікті көбейтуге атсалысқан мекемелерге арнайы номинациялар табысталды.

Жиынға депутаттар, экология саласының мамандары, қоғамдық ұйым өкілдері мен еріктілер қатысты.