Білімді, тәрбиелі, текті жастар – мемлекет тірегі

2015 жылғы 18 қараша күні Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының «Білімді, тәрбиелі, текті жастар – мемлекет тірегі» тақырыбында жиыны өтті.

Фото: kz.otyrar.kz

Форумда облыс жұртшылығының бірлігін нығайту, дамыту, ұлтаралық, дінаралық келісім жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жөнінде жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғамның қарым-қатынасының тиімділігін арттыру, дүниежүзілік дағдарыс кезеңінде жастар тәрбиесіне бұрынғыдан да айрықша назар аудару тетіктерін ойласу мәселелері сөз болды. 

Форум жиынына облыстық басқармалардың жауапты қызметкерлері, аудандық, қалалық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер өкілдері, саяси партия филиалдарының, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі проректорлары және жастар комитеттерінің төрағалары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары, студенттері, жастар қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты.

Форумды жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, облыс әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумның атқарушы хатшысы Байғұт Мархабат ашып, жүргізіп отырды.

Форумда ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Мамытбеков Алмасбек Кеңесбекұлы, облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жанәбіл Болат Серікұлы, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі Қыдырбай Абзал Айғабылұлы, облыстық ішкі саясат және дін істері басқарамасы «Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ-нің бөлім басшысы Оспанов Дәлелхан Қоңырбайұлы, ОҚО әкімдігінің Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Кәсіпкерлік мектебінің директоры Дүйсебеков Береке Талғатұлы қазіргі таңдағы жастар саясаты, жастар тәрбиесі төңірегінде жасалынып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады.

Сонымен қатар, форумға қатысушы жастар өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді, пікір алмасу болды.  

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының «Білімді, тәрбиелі, текті жастар – мемлекет тірегі» жиынына қатысушылар аталған тақырыпты талқылай келіп, қарар қабылдады.