Этно-мәдени бірлестік өкілдері «Ет асудан» жарысты

Қазақстан халқы Ассамблеясына және Қазақстан Республикасы Конституциясына 20 жыл толуына орай Оңтүстік Қазақстан облысындағы түрлі этно-мәдени бірлестіктер арасында қазақтың ұлттық тағамы «Ет асу» фестивалі өтті.

Фестивальдің құрылтайшысы және ұйымдастырушысы – облыстық ассамблея хатшылығы, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Фестиваль 2015 жылғы 9 желтоқсан күні Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» қабылдау үйінде («Нұрсәт» м/а) өткізілді.

Фестивальді өткізудегі мақсаты - достық пен этносаралық келісім, қазақстандық патриотизм негізінде халықтың бірлігі, ізгілік, татулық пен келісім идеяларын насихаттау;этностық топтардың арасында қазақтың ұлттық тағамының дайындалу ерекшелігін дәріптеу; өскелең ұрпақтың дүниетанымына назар аударып, жалпыадамзаттық құндылықтарға тәрбиелеу.

Фестивальді ұйымдастырушылар осы байқау арқылы этномәдени бірлестіктер өкілдерінің арасында қазақтың ұлттық ас мәзірін дайындау шеберлерін анықтап, оларға қолдау көрсетуді, өңірдің ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты мәдени имиджін көтеруге атсалысуды мақсат тұтады.

Фестивальге этномәдени бірлестіктер және олардың филиалдарының өкілдері қатысты, қатысушы үміткерлердің жасына шек қойылған жоқ. 

Үміткерлерге ұлттық тағамды мейлінше сапалы дайындау туралы шарт қойылды. Олардың жұмысы бастың дұрыс үйітіліп, пісірілуі;қамырдың қалыптылығы;еттің өз деңгейінде пісірілуі; етіне қосымша жылқының қазы-қарта, жал-жаяларының пайдаланылуы;қонақтардың жасына, дәрежесіне орай берілетін қойдың мүшелерін ұсынудың тәртібі;сорпаның құнарлылығы бойынша бағаланды.

Қазылар алқасы асты дайындаушылардың тұратын жерінің тазалығына, қолданылатын керек-жарақтарының тиісті жеріне койылуына (пышақ, қасық, ожау т.б.) жіті көңіл бөлді.

Фестиваль аясында бата беру, асық ату, мақал-мәтел айтудан да жеке-жеке сайыстар ұйымдастырылды.