«Қоғамдық келісім» КММ ғимаратында «Кәріс этносының тілі, мәдениеті, дәстүрлері күні» мерекесі өтті. Іс-шара барысында облыстық кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Ким Елена құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдық өмірге белсенді араласушы бірқатар азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттады.
Қазақстанға тарихи депортация кезінде қоныс аударған коре сарам корейлері бүгінде өзіндік тарихи-мәдени мұраға бай, халықтық элементтері мен санғасырлық ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын өз дәрежесінде сақтап қалған, ата салтының мол қазынасын дәріптей білген ұлт ретінде қадірлі.
- Кәрістер коре сарам, часон сарам, ханчук сарам болып үшке бөлінеді. Кәрістердің Қазақстанға келуі сол сталиндік репрессия кезінде Қиыр Шығыстан депортацияға ұшырауынан басталады, - деп атап өтті облыстық кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Ким Елена өз сөзінде.
Іс-шараға жиналғандар бұл күні кәріс халқының салт-дәстүрлерімен танысты. Корей халқында үш мерекені атап өту заң саналған. Ол біріншіден баланың туған күні; екіншісі – үйлену тойы; үшіншісі – мүшел тойы (алпысқа келуі). Үйлену тойы міндетті түрде сенбі, жексенбі күндері өткізіледі.
Корейлердің салты бойынша ұзатылған қызды оның шешесі күйеу жігіттің қолына өзі әкеп береді. Қалыңдық бұған үнсіз көнуге тиіс. Келін күні бұрын дайындалып қойылған айнаны жігіттің шешесіне береді. Жігіттің шешесі оны күріш салған қаптың ішіне тығады. Бұл ырым келін мен ененің тату болуын, ас-суға иелік етуін меңзеу. Ал келінді үйге кіргізгенде оның жолына ақ мата жайып, үстіне күріш төгеді. Ол келіннің жолы ақ және ырзықты болсын деген тілекті білдіру. Бір жағынан қазақ халқының қызын ұзатып шығарып салғандағы алдына ақ мата төсеуі екі халық арасындағы үндестікті көрсетіп тұрғандай. Корейлердің дәстүрі бойынша келін түскеннен кейінгі үшінші күні үй шаруасымен айналысып, өзінің не нәрсеге бейім екендігін байқатуы тиіс. Сонымен қатар, корей халқында алпыс жасқа толған азаматтың мүшел тойын салтанатпен атап өту, оған ағайын-туыстардың көп қаржы жинап беріп, тойды өткізісуі заң болған. Сол қаржымен бақытты қарттықты өткіз деген ырым.
Сонымен қатар, қонақтарға арнайы ас беріліп, концерттік бағдарлама ұсынылды.