Қазақстан халқы Ассамблеясының жылында ауқымды шаралар атқарылды. Соның ішінде түрлі әлеуметтік жобалар қолға алынып, оларға барлық елді мекенде түрлі іс-шараларөтті.
Осындай іс-шаралардың бір бағыты жастардың бойында патриотизмді қалыптастыруға бағытталды.
Мұндай іс-шаралар Оңтүстік Қазақстан облысында да бірнеше рет өткізілді. Мәселен, Шымкент қаласындағы «Оқушылар сарайы» ғимаратында «Менің Қазақстаным» фестивалі өтті. Фестивалдің негізгі мақсаты- облыс тұрғындары арасында халықтық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді насихаттау, түрлі этнос өкілдері жастарына мемлекеттік тілді насихаттау және оларды патриотизмге тәрбиелеу, этносаралық қатынас пен келісімді нығайту болып табылады. Фестивальге барлығы 25 үміткер қатысты.
Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды «Ұлттық ән» номинациясы бойынша өзбек этномәдени бірлестігінен қатысушы Махкамов Аброр және «Ұлттық би» номинациясы бойынша түрік этномәдени бірлестігінің би тобы жеңіп алды. Екінші орынды «Әжелер» ансамблі мен жеке орындаушы Жақсыбай Оңалбекұлы алса, үшінші орынды поляк этномәдени бірлестігінен Пампуров Владислав пен ардагерлер хоры иеленді. Осындай іс-шараларды көптеп өткізу арқылы ішкі біртұтастықты нығайту шаралары қарастырылады.
Көп ұзамай «Қоғамдық келісім» КММ алаңшасында облыстық «Шекарасыз ән» фестивалі өтті.Фестивальдің мақсаты - жастардың патриоттық сезімін оятып, рухани дамуына септігін тигізу болып табылады.
Облыстық байқауға өңірдегі жиырмаға жуық этно-мәдени орталықтардың өкілдері қатысып, өнерлерін ортаға салды.Нәтижесінде, I орынды неміс этно-мәдени орталығының өкілі Маргарита Ким жеңіп алды. Ал татар ұлтының намысын қорғаған Дамир Касьянов II орынға ие болды. Үшінші орын Иран этномәдени орталығы мен «Әжелер» квартетіне бұйырды. Ал өзбек ұлтының әншісі Аброр Махкамов ынталандыру сыйлығын иемденді.