Елбасының «Қазақстан жаңа жаҺандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру және насихаттау үшін Қазақстанхалқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңір жұртшылығымен кездесу өткізді.
Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалды жүргізіп отырды. Кездесу барысында Е.Л.Тоғжанов Елбасының әр Жолдауы – біздің болашағымыздың стратегиялық жоспары, өміріміздің нақты бағыты, келешегіміздің кепіліекенін, этно-мәдени бірлестіктерді, Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедраларын, қоғамдық келісім кеңестерін, барлық азаматтарды Жолдауды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақыратындығын атап өтті.
Сонымен қатар, кездесуде облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Е.Байқонақов, облыстық славян этно-мәдени бірлестігінің мүшесі А.Шолгина, Сайрам ауданы өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы П.Исламов сөз сөйледі. Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облыстық басқармаларының басшылары, ғылыми-сарапшылық тобы, аналар кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты.
Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы ̶ 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган. Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Аталған бастама мәдениет аралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды. Жиырма жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды.