ОҚО ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Жаңа заңды түсіндіруге байланысты брифинг өтті

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жуырда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Жаңа заңға  (бұдан әрі – Заң) қол қойды. Бұл Заң Ұлт Жоспарының алғашқы бөліміндегі 15 қадамда көрсетілген мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді және оның дербестігін қамтамасыз етуді негізге алған.

Фото: newskaz.ru

Бұл тұста, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ОҚО бойынша филиалында жаңа Заңды түсіндіруге байланысты брифинг өтті. Оған ОҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы А.Есімханов, облыс әкімдігі аппарат басшысының орынбасары Ә.Байсынов, Шымкент қаласы әкімдігінің аппарат жетекшісі Р.Аюпов және жазушы М.Байғұт қатысты.

Басқарма басшысы А.Есімхановтың айтуынша, Заңның күші мемлекеттік қызметтің саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілермен қатар,  құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне де қатысты (заң актілерін ескере отырып) қолданылады.

Бірінші рет «біліктілік» («компетенции»), «бонус, сыйақы» («бонус, надбавка»), «төменгі лауазым» сияқты жаңа түсініктер енгізілген. Қолданыстағы «Б» корпусының кадр резерві және ауысу тоқтатылады.

Сонымен қатар, Заң – саяси қызметшілер мен жауапты хатшылар, аппарат басшылары арасындағы өкілеттіктердің ара-жігін белгілейді. Бұл өз кезегінде әкімшілік мемлекеттік қызметке саяси ықпалды төмендетеді, олардың дербестігін күшейтеді, кадрлық аппараттың сабақтастығын және тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Заң 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді, сәйкесінше қазіргі қолданыстағы ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң күшін жояды.

Жаңа Заң күшіне енген соң Тестілеу бағдарламасын өзгерту жоспарлануда. Себебі, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға білімі мен біліктілігіне сәйкес келетін мамандар көп болғанымен, тестілеу сатысынан өте алмай қалатын азаматтар саны көңіл көншітпейді.

Мәселен, 2015 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша негізгі тестілеуге қатысқандар саны 3158 құраса, тестілеудің шекті мәнінен жоғары нәтиже алған азаматтар саны тек 1127 азаматты құрап отыр. Бұл дегенің жалпы тестіленушілердің тек 35%ғана сынақтан сүрінбеген (2014 жылы бұл көрсеткіш 40 пайызды құраған). Ал, қолынан іс келетін, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары маман бұл ретте шеттеп қалуы әбден мүмкін. Осы орайда, тестілеудің шекті көрсеткішін төмендету жоспарлануда.

Сондықтанда, ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Жаңа заң қоғам мен жұртшылықтың негізгі сұранысын толықтай қанағаттандыратын негізгі құжаттардың біріне айналмақ.