ОҚО әкімі кәсіпкерлермен кездесті

ОҚО әкімі Б.Атамқұлов облыстағы бизнесмендермен кездесті. Кәсіпкерлер форумына 200-ден астам бизнесмен мен құқық қорғау органдарының жетекшілері, облыстық басқармалар басшылары мен аудан, қалалардың әкімдері қатысты.

Кездесуде Елбасының шағын және орта бизнесті қолдау және Шымкент қаласын кешенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды. 

Сондай-ақ аймақ басшысы жергілікті биліктің кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға арналған статегиялық бағыттарымен таныстырды. Кәсіпкерлік саласына жасалған талдау нәтижесінде өңірдегі бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді шешу үшін аймақ басшысы бірқатар бастаманы ұсынды. 

Оның алғашқысы - кадр мәселесіне қатысты. Яғни, кәсіпкерлік пен мемлекеттік қызметтегі кез келген мәселені тиімді әрі жан-жақты шешу үшін кәсіби және жоғары білікті мамандарды іріктеу саясатына ашықтық орнатамыз деді аймақ басшысы. Екінші бағыт - Шымкентті үшінші мегаполиске айналдыру. Яғни, бизнесті дамытуға қолайлы аймақта шаһардағы нысандар мен ғимараттар барлық талаптарға сәйкестендіріліп, кәсіпкерлікті өркендетуде әкімшілік кедергілер жойылуы керек. Туризм орталығына айналуы тиіс шаһарда 2016 жылдан бастап муниципалды полиция жұмыс істейтін болады. 

Облыстағы туризмді дамыту өңір басшысының ұсынған үшінші бастамасы болып табылады. Ол бойынша қазір 4 зәкірлік жоба әзірленген. Оның бірі Сарыағаш ауданында құрылысы жүретін «Сарыағаш» курорттық аймағы болса, екіншісі Шардара су қоймасының маңында жұмыс істейтін жағажай туризмі. Облыста аталған саланы дамытуға Қасқасудағы тау шаңғысы курорты жобасы мен Түркістанда тарихи-зиярат туризмі орталығын қайта жаңғырту жобалары да кіреді. 

ОҚО-дағы кәсіпкерліктің өркендеуі үшін өңір экономикасына инвестиция тартып, жергілікті тауар өндірушілердің жұмысын жолға қою қажет. Бұл аймақтағы бизнесті жандандыруға себеп болатын төртінші бағыт. 

Сондай-ақ, суармалы жер көлемін ұлғайтып, оның жағдайын жақсарту да негізгі бағыттардың біріне жатады. Шешу жолының бесінші бағыты бойынша шаруаларға төмен пайызбен берілетін несие көлемі көбейтіліп, әр ауданнан машина-трактор стансасын құру көзделіп отыр. Және ондағы кәсіпкерлік мектептерінің жанынан шаруаларға арналған ғылыми-кеңес орталығы ашылып, жаңа технологиялар орталығы құрылмақ. 

Облыс әкімі ұсынған алтыншы бағытқа кәсіпкерлерге төмен пайыздық ставкамен берілетін несиелендірудің көлемін арттыру және оны қолжетімді ету кіреді.  

Сондай-ақ, өз кәсібін дамытуда бизнесмендер мемлекет пен қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілік туралы ұмытпай, атсалысуы керек. Сонымен қатар, әрбір оныншы жұмыс орынына мүмкіндігі шектеулі азаматты алу мәселесіне бизнесмендердің бей-жай қарамауын өтінді.