Жұмаққа қандай істер алып барады?

«Жұмаққа кімнің баратыны бір Аллаға аян!». Нағыз мұсылман жоғарыда аталған сұраққа осылай жауап береді. Дегенмен, қазір өзін «нағыз мұсылман» санайтын кейбір қандастар өздеріне жұмақтың төрнен орын дайындап қойған. Иә, әңгіме дәстүрлі емес ислам ағымдарын ұстанушы отандастырымыз жайында.

Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында теріс діни ағымдардың жетегінде кеткен 3 мыңға жуық адам бар көрінеді. Бұл әрине, нақты цифрлар емес, тек мамандардың болжамы ғана. Нақты цифрлар бұл көрсеткіштен әлдеқайда көп болуы мүмкін. Бастысы, ресми тіркелген осы жандармен қазір дін өкілдері де, қауіпсіздік саласының мамандары қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр – түсіндіру жұмыстарын.

Бұған дейінгі материалдарымыздың бірінде айтқанымыздай, жат ағым өкілдері қазақ жастарын түрлі айла-әдістері арқылы өз қатарларына қосып алады. Солардың бірі – жұмақпен алдау. Яғни, «қатарымызға қосылып, шынайы ислам жолында құрбан болсаң – жаннаттықсың» дейтін көрінеді.

Ал, шын мәнінде жұмаққа кімдер барады? Бұл туралы филология ғылымының кандидаты, дінтанушы Асылбек Әуезханұлы былай дейді:

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде жұмаққа мынадай істер апарады делінген:

Иман келтіру және ізгі істер жасау. Дәлел: «Иман еткендер және ізгі іс жасағандар бар, міне, солар жұмақтың иелері. Олар онда мәңгі қалады» («Бақара» сүресі, 82-аят). Дәл осы мазмұндағы аяттар қасиетті Құранда өте көп келтірілген.

Тақуалыққа ие болғандар. Тақуалыққа Алладан қорқу, Оған лайықты түрде тағзым ету, Оның бұйрықтарын орындап, арам істерден барынша сақтану жатады. Дәлел: «Шүбәсіз. Аллаға лайықты түрде тағзым ететін, Оған қарсы келуден барынша сақтанатын тақуа жандар жұмақ бақшаларында, бастау бұлақтардың басында болады» («Зарият» сүресі, 15-аят). Тағы бір аятта былай делінеді: «Раббыңыздан келетін кешірімге, тақуалар үшін дайын тұрған кеңдігі аспандар мен жердей жұмақтарға ұмтылыңдар» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят).

Өткен күнәлары үшін шын жүректен тәубе ету. Дәлел: «Кімде кім тәубе етсе, иман келтірсе және ізгі істер жасаса, міне, солар жұмаққа кіреді. Олар ешқандай зұлымдыққа, қиянатқа ұшырамайды» («Мәриям» сүресі, 60-аят).

Алланың дінінде тұп-тура болу. Дәлел: «Раббымыз – Алла» деп айтып, сосын (істері мен сөздерін сол иманына лайық етіп) тұп-тура жүргендер бар, міне соларға қорқыныш жоқ. Олар қайғыға да батпайды. Міне, солар жәннаттықтар, жасаған істерінің қарымтасы ретінде олар онда мәңгі бақи қалады» («Ақхаф» сүресі, 13-14-аяттар).

Алла разылығы үшін ғылым-білім іздену. Дәлел: Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде кім білім талабында бір жолға шықса, Алла Тағала оған жұмақтың жолын жеңілдетеді»;

Мешіт тұрғызу. Дәлел: Хазрет Осман (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) былай дегенін естіген: «Кімде кім Алла разылығынан үміт етіп бір мешіт тұрғызса, Алла Тағала сол кісі үшін жұмақта зәулім сарай тұрғызады» (Бұһари, 545);

Көркем мінезді болу. Дәлел: Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Мінез-құлқын жақсартып көркем еткен кісі жәннаттың ең биігіндегі бір зәулім үйге кіретініне мен кепіл»(Әбу Дауд, 4800). «Адамдарды ең көп жұмаққа кіргізетін нәрсе – Құдайдан қорқу және көркем мінез» деген де хадис бар (Ибн Мәжа, 4246);

Ерегесті тоқтату. Дәлел: Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Өзінікі тура болса да, ерегесті тоқтатқан адам үшін жұмақтың ортасынан бір үйге мен кепілмін» (Әбу Дауд, 4800).

Әзілдеп болса да, өтірікке жол бермеу. Дәлел: Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Әзілдеп болса да өтірік айтпайтын адам үшін жұмақтың ортасынан бір үйге мен кепілмін» (Әбу Дауд, 4800);

Әрбір түзге шыққаннан кейін дәрет алуды және азан айтылған соң екі рәкат намаз оқуды әдетке айналдыру. Дәлел: Бір күні таңертең пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Біләлді (р.а.) шақырып алып: «Әй, Білал! Жұмаққа кіруден сен менен қалай озып кеттің. Мен түнде жәннатқа кірдім. Алдымда сенің кебісіңнің сықыры естілді ғой» дейді. Сонда Біләл (р.а.): «Қайдам, мен әр азан шақырғанымда екі рәкат намаз оқимын. Маған нәжіс тигенде, дереу дәрет аламын» деп жауап қайырды. «Міне, осы арқылы менен озып кеттің» деді Алла елшісі (с.ғ.с.);

Алла үшін сәжделерді көбейту. Дәлел: Рабия ибн Кағб әл-Әслами былай деді: «Мен үнемі Алла елшісіне (с.ғ.с.) жақын жерде түнейтінмін. Оған әжетке және дәретке керекті суын әкеліп беретінмін. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Менен бір тілек тілеші» деді. Мен: «Жұмақта де сенімен бірге болғым келеді» дедім.

- Бұдан басқа тілегің бар ма?

- Менің қалайтыным осы ғана.

- Онда сәжделеріңді көбейтіп сен де маған нәпсіңе қарсы көмек бер, деді (Мүслим, 480/226);

Бұл тізімді ұзарта беруге болады: әр парыз намаздан кейін «Аятүл курсиді оқу, сәлемді жайып, жұртқа тамақ беріп, туыстық қатынасты күшейтіп, халық ұйықтап жататын түнде тұрып намаз оқу, үш қыз баланы тәрбиелеп жетілдіру, жақын адамдарының қазасына сабыр ету, жетімдерді қамқорлығына алу, Алла үшін аурудың көңілін сұрау, кедей-кепшіктерге қайырым жасау. Бұл істердің барлығына да аят-хадистерде дәлел келтірілген.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Мен сендерді жәннатқа жуықтаттатын, тозақтан алшақтаттатын не білсем, бәрін де сендерге бұйырдым. Сондай-ақ жәннаттан алыстатып, тозаққа жақындататын не білсем, бәрінен де сендерді тыйдым» дейді. Ендеше, жұмаққа кіргізетін істер өте көп. Олардың ешқайсысы әрине, оңай болмасы анық. Сол жолда еңбек етіп, қажыр қайрат жүмсау, қиындығына шыдау жиһадқа жатады.

Міне, осыны білген кез-келген мұсылман баласы теріс діни ағымдардың жетегінде кетпейді.