Радикалды ағымдармен күресті қалай жүргізген дұрыс?

Биыл жазда Ақтөбе мен Алматы қалаларында орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін бүкіл елімізде қауіпсіздік шараларының күшейтілгені белгілі. Сонымен қатар, ақпараттық-насихат топтары құрылып, жер-жерде халықпен кездесіп, түсіндіру шараларын жүргізіп келеді.

Осындай ақпараттық топ Оңтүстік Қазақстан облысында да қызу жұмыс істеп жатыр. ОҚО Дін істері басқармасы жанынан құрылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ мамандары имам-молдалармен бірігіп, облыс орталығындағы мектептерден бастап, шалғайдағы ауылдардың бәрін дерлік аралауда. Басты мақсат сол – жастарды теріс діни ағымдардың жетегінде кетуден сақтау.

Жалпы, бұл атқарылып жатқан жұмыстар қаншалықты нәтижелі? Діни радикализммен қалай күресу керек? Бұл сұрақтардың жауабын танымал теолог, ғалым Құдайберді Бғашаров E-islam порталына берген сұхбатында айтып берген.

«Иә, дінді қате түсінудің дінге тигізер кесірі сыртқы күштердің дінге тигізетін кесірінен әлдеқайда орасан. Расында, бүгінгі күні мұсылмандар өздеріне деген сынды күшейткені дұрыс. Радикал топтардың қатарына ертіп кете беретіндей, ақ пен қараны ажырата алмайтындай халық соншалықты діни сауатсыз ба? Жоқ, жастарымыз қараусыз ба? Егер шынымен де деңгейіміз сондай төмен болса, онда бұл мәселенің шешімі сондық ұзай түседі. Ендеше, халықты қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіп отыруды үзбеген дұрыс. Әрі радикалды идеялармен тек дінге жауапты мекемелер ғана емес, басқа да азаматтық қоғам ұйымдары, мемлекеттік мекемелер – бәрі жұдырықтай жұмыла кірісуі керек. Елімізде 15-16 белгілі лаңкестік діни ұйымдарға тыйым салынған. Араларына былтырғы жылы осы ДАИШ де кірді. Өйткені жалпы әлем елдеріне төніп тұрған қауіптен Қазақстан шет қала алмайды. Республикамызда профилактика жұмыстарының арқасында діни радикалды сайттарға тазарту жүргізіліп тұрады. Дін істері комитетінің ұйымдастыруымен бірқатар маңызды шаралар қолға алынуда. Ақпараттық насихат топтарының да түрмелерге дейін барып өте белсенді жұмыс істеп жатқанын білеміз. Оның тысында Облыстық Дін істері басқармалары да ауыл, аудандарда дін және зайырлылық тақырыбына жиі кездесулер ұйымдастырады. Муфтият жүйесі өз алдына, дінтану сабақтары да белгілі бір деңгейде жастардың дұрыс діни түсінік алуына көмектеседі. Бұның барлығы да радикалды идеяларға еріп кетпеу үшін елімізде жасалып жатқан жұмыстар. Бұған қоса, исламның бейбітсүйгіш келбетін, ғылым, білім, дінаралық сұқбаттастыққа ашықтығын, көптүрлілікті байлық деп білетінін, толеранттылығын, әрдайым татулық пен тыныштықты жақтайтынын, ондағы жиһад, әйел түсінігі, наным-сенімі, ұлты, нәсіліне қарамастан адамға құрмет пен адам өмірін сақтаудың маңызы, адамгершілік құндылықтарын да жиі насихаттап түсіндіре берген дұрыс», — дейді Қ.Бағашаров.

Айта кетейік, қараша айының соңында Шымкентте «Шымкент – Антитеррор - 2016» ауқымды оқу-жаттығу жиыны өтті. Айтулы шараға күштік құрылым өкілдері қатысып, лаңкестік жайт бола қалған жағдайда қолданатын әрекеттерін пысықтады.