Тек Қазақстанның емес, бүкіл әлемдегі адамзат баласының басауруына айналған діни экстремизм мәселесі оң шешімін табатын түрі жоқ. Таяу Шығыстағы соғыстан он мыңдаған адам қаза тапса, миллиондар Еуропаға босқын болып қашып кетті. Өздерін «Ислам мемлекеті» (ДАИШ) деп атайтын лаңкестік ұйым болса Сирия мен Иракта соғыс отын қыздыра түсіп, жергілікті халықты аяусыз қырып жатыр.
Өкінішке қарай, ДАИШ-тың идеологиясына уланғандар Қазақстанда да бар болып шықты және аз емес. Таяу Шығысқа соғысуға аттанған қазақстандықтар саны бүгінде 500-ден асып жығылады. Олардың көбі өз отбасыларымен бірге кеткен.
Осынау теріс діни ағыммен күрес жұмыстары бүкіл ел аумағында жүріп жатқаны белгілі. Оңтүстік Қазақстанда да дін мамандарынан құралған ақпараттық-насихат топтары аудан-қалалардың бәрін аралап, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы мақсатта тіпті «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ құрылып, салафизм мен өзге де деструктивті ағымдардан алдын алуға күш салуда. Негізгі мақсаттардың бірі – ДАИШ идеологиясынан жастарды сақтау.
Ал, осы ДАИШ идеологиясының көздегені не екенін республикаға танымал теолог, оңтүстікқазақстандық ғалым Досай Кенжетай мемлекеттік БАҚ-тарға берген сұхбатында былайша түсіндіреді:
– Сириядағы содырлардың «Ислам мемлекеті» деген лаңы жаһандық күштердің бүгінгі ең ықпалды жобасы болып отыр. Батыс ориентализмінің тарихын ақтарып отырып, Эдуард Сайидтің шариғат негізіндегі ислам мемлекетін құру идеясын Батыстық республикалық жүйеге қарсы оппозициялық агрессиялық сананы мұсылмандарға егумен азықтандырып отыру басты саяси ойын екенін көруге болады. Жалпы, жаһандық тепе-теңдік қарама-қайшылықтардан тұруы тиіс деген ұстаным, бұл – христандық саяси орталықтарға тән түсінік. Ал, ислам өркениетінің теоретиктерінен Ибн Халдун, «қала мен дала» (хадра уа уадийу) арасындағы тепе-теңдік теориясын табиғи үйлесім ретінде көрсетіпті. Қазіргі жаһандық саясат та батысты – «қала», шығысты (мұсылман әлемі) «дала» ретінде танып, табиғи диалектика ретінде қарастыруын жалғастырып келеді. Себебі, Батыс пен Шығыс диалектикасы саяси ойындарында мұсылман әлемі тұрақсыздық пен қаржы құралы ретінде орын алып келеді. Осы ғаламшардағы, фани дүниедегі диалектикалық орта, ақша табу, ақша шашу, мұсылман қанымен, басқаларды исламофобиямен үркітіп, дегеніне көндіріп, әлемді уысына ұстап отыру – негізі керемет жаһандық саяси орталықтандырылған жүйе. Бұл жүйеге мұсылмандарды орталықсыздандыру, ыдырату, санасын тұмшалау, тек ашуы мен ызасын туғызып,агрессиясына жоғары технологиялық қару арқылы жауап беру, мұсылмандарды өзара қырқыстырып мал табу – адамзаттың адамдықтан алшақтауы. Армагедон теориясының практикадағы траекториясы – адам адамның қасқыры. Мұндайда дін де ештеңе істей алмайды. Себебі, бұл – теологияның кризисі. Енді тек мұсылмандар үшін ғана емес, жалпы әлем үшін Аллаға тәуекел ету ғана қалады.