Ғалым: Ислам – үрейдің діні емес

Жасыратыны жоқ, «ислам» десе қазір кей жұрттың көзіне сақалы қауғадай, қолында суық қаруы бар адам елестейтін болған. Бұл әрине, дабыл қағатын-ақ жағдай. Асыл дінімізді осыншама құбыжыққа айналдырып отырған батыстық идеологияға қарсы қоятын өз идеологиямыздың әлсіздігінен мұсылмандықты терроризммен қатар қоятындар көбейіп келеді.

Тіпті, өз ішімізде де балаларын мешітке жіберуден қорқып қалған ата-аналар жетіп артылады. Өйткені, дәл осы радикалды ағымды ұстанатындар мешітке дін іздеп келген жастарды тұзақтарына алдап түсіретіні белгілі. ОҚО Дін істері басқармасы жанынан құрылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ директорының міндетін атқарушы Мәди Беспаевтың айтуынша, «ислам» атауынан қорқатын азаматтар біздің Қазақстанда да кездеседі екен. Әрине, бұған дін атын жамылған лаңкестердің әрекеті кінәлі. Дегенмен, халық арасында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары өз нәтижесін берсе, ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі ислам елімізде қайта кең етек жаяды.

Теология ғылымының докторы Балғабек Мырзаев та исламның үрейдің діні емес екенін түсінетін кез келгендігін айтып отыр. E-islam порталына берген сұхбатында ғалым ислам дінінің құндылықтары жайында азды-көп айтып берген.

«...Бұл, біріншіден, ислам дінінің шынайы құндылықтарын дұрыс түсіне алмаған мұсылмандардың қателігінен дегім келеді. Екіншіден, ислам мен мұсылмандарға деген жеккөрушілік және мұсылмандық мәдениетті прогрессивті емес, "тоқырауда қалған, фундаменталистік және басқа мәдениеттерге қауіп төндіретін мәдениет" деп мұсылмандарға қарсы жаулық көзқарас қалыптасып отырған әлемдегі астыртын күштердің ықпалынан деп түсінуіміз керек.

Таразының бір жағында ислам елдеріндегі «Араб көктемі», Ирактағы сунниттер мен шииттердің билікке таласып бірін бірі қырып-жоюы, Кувейт-Ирак текетіресі, Пәкістан мен Ауғанстандағы үздіксіз терактілер, Сириядағы төңкеріс, Ливиядағы жағдай, Мысырдағы «Жасыл кітап» авторына жасалған озбырлық, Сауд Арабиясы Корольдігі мен Иеменнің арасындағы саяси шиеленіс, «аль-Кайда» және басқа да лаңкестік ұйымдардың әр жерде жойқын жарылыстар ұйымдастыруы, Ауғанстандағы Талибан, өзін өзі құрбандыққа шалатын жанкештілер мен «Халифат құру» мақсатын көздеген, жаппай жихадқа шақырған содырлар өздерін мұсылман ретінде көрсетіп, исламға деген үрейдің көрігін үрлеп отыр. Яғни, білімі таяз мұсылмандар ислам тарихында болмаған жағымсыз әрекеттерімен исламофобияға қызмет етіп жатыр. Ислам дінінің негізінде экстремистік, оның ішінде діни танымдарды жамылатын лаңкестік құрылымдармен ешқандай байланысы жоқ. Лаңкестіктің салдарынан ең бірінші ислам мемлекеттерінің азаматтары зардап шегіп отырғандарын бүкіл әлем көріп отыр. Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде былай делінеді: «Дін – зорлық-зомбылықтан бас тарту. Ешқандай мұсылман баласы зорлық-зомбылықты қолдауға тиісті емес». Таразының екінші жағында, христиан әлемінде 2001жылдың 11 қыркүйегіндегі АҚШ-тағы терактіден кейін исламофобияның күрт өсуі тұр. Сонымен қатар, мұсылмандардың христиандық дамыған мемлекеттерге, оның ішінде Еуропаға жүйесіз миграциясы да исламофобияның өршуіне себеп болды. Еуропалықтар мұсылмандарды жалқаулар мен жатыпішерлер, білім алуға ынтасыз, өркениеттің көшінен қалып кеткен сауатсыздар деп айыптағанымен, негізгі үрейлері мешіттердің көбеюі, жұма және айт намаздарында мұсылмандардың мешітке сыймай, көшелерге шығуы, оның қасында шіркеулердің қаңырап бос тұруы екенін жоққа шығаруға болмайды. Құранды өртегісі келген пастор Терри Джонс, Рим папасы Бенедикт XVI 2006 жылғы Регенсбурк қаласында исламға қатысты айтқан сыни сөздері, Франциядағы «хиджаб» киюге тыйым салу, Швейцарияда мешіт мұнараларын салуға тыйым салу, Франциядағы, Даниядағы Ислам пайғамбарының каррикатурасын жарнамалауы, Норвегиядағы Брейвиктің жасаған терактысы исламофобияның шоғын қоздатты...», - дейді ғалым портал тілшісіне берген сұхбатында.

Оның пікірінше, діни көзқарастардың радикалдануы исламофобияның өршуіне әкеледі.

«Негізінен, ислам діні тек жалаң сенімнің ғана емес, ол – адамгершілік пен ғылымға негізделген биік мәдениет, өркениеттің діні. Ислам өркениеті он төрт ғасырдан бері бүкіл адамзатты сенім мен нанымына, тегі мен нәсіліне қарамай бейбітшілік пен ынтымаққа, сабырлылық пен тазалыққа шақырып келеді. Ислам діні тарих сахнасына көтерілгеннен бері ғылым-білім мен өркениеттің сарқылмас бұлағы екендігін әлем мойындауда.

Өкінішке қарай, заманымызда әлемнің бірқатар елдеріндегі діндар тұрғындардың кейбірінің көзқарастарының радикалдануы мәселесі тым шиеленісті жағдайда. Бітіспейтін, агрессивтік ислам идеологиясынан нәр алып отырған радикализм әлемдік қауымдастықтың басты назарында. Радикалданған мұсылмандардың әрекеттерімен байланысты экстремизм мен терроризм көріністері тұрғындар арасында исламофобияның өсуіне алып келіп, жағдайды шиеленістіре түсуде. Сонымен қатар, тұрғындар көзқарастарының радикалдануының себептеріне әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси факторлардан басқа, ислам ілімінің гуманистік, мәдени, жасампаздық бастауларының дағдарысы да жатады...», - дейді Б.Мырзаев.